Былтыр елімізде сыбайлас жемқорлыққа қатысты 1717 қылмыс тіркелген
Ал мыңнан астам жауапты тұлға сотты болған. «Жемқорлықпен күресудің тиімді жолдарының бірі жазаны күшейту», – дейді мамандар.
Бұл – Алматыдағы Бостандық аудандық сот төрағасының парамен ұсталған сәті. Бейнекөріністе судьядан шетелдік банкноттар тәркіленгені анық көрінеді. «Тұра биде туған жоқ» дейтін қағидадан аттаған судья борышкер азаматтың шетелге шығуына көмектескен көрінеді.
Мақсат Халық, экономист:
- Сыбайлас жемқорлық – қазіргі таңдағы ең бір тұтастай экономиканың, мемлекеттің дамуын тежегіш үлкен бір қасірет.
Жуырда «Шығыс Қазақстан облыстық әкімдігіндегі екі бірдей басшы да сыбайлас жемқорлық жасады» деген күдікпен уақытша ұстау абақтысына қамалды. Лауазымды тұлғалар «Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» шеңберінде белгілі бір серіктестікке қамқорлық көрсету үшін оның өкілінен 35 млн теңге пара алды деген күдік бар.
Жігер Байділдин, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары:
- Қазіргі таңда әкімдіктегі екі лауазымды тұлға уақытша ұстау абақтысына қамалған, сонымен қатар кәсіпкер пара беруші тұлға да уақытша ұстау абақтысына қамалған, өйткені біздің заңымызға сәйкес пара беруші де пара алушыға да қылмыстық жауапкершілік көзделген, қазіргі таңда тергеу амалдары қарастырылуда.
Параның мөлшері әртүрлі. Жақында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев ауыр және аса ауыр коррупциялық қылмыс жасағандарды шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды доғару керектігін айтты. Оларды қоныс колониясында емес, қатаң режимде ұстауды және айыппұлды алып тастауды ұсынды.
Мақсат Халық, экономист:
- Миллиардтап ақша алады да, нәтижесінде белгілі бір кезеңге отырады. Және шартты түрде деп, 2-3 жылдан кейін босап шыға кетеді. Жаза қатал болған сайын азаматтарда сол дүниеге деген ұмтылыс азаяды. Көш бастап отырған дамыған елдерді қарайтын болсақ, оларда жаза өте қатаң.
Былтыр Қазақстан экономикасына коррупцияның кесірінен 24 млрд теңгеден астам зиян келген. «Егер агенттіктің ұсынысы қолдау тапса, жемқорлар айылын тияр еді», – дейді сарапшылар.
Авторлары: Ұлан Нарынбек, Радик Жақыпов