Елімізде 250 әлеуметтік кәсіпкер бар
Олардың арасында денсаулығының кемшілігіне қарамастан, өзгелермен иық тіресіп жұмыс істеп жүрген жігерлі жандар да бар. Жанам деген жүрекке от беретін қолдаушылар да жоқ емес. Солардың бірі – Болатбек Әбдікәрім. Ол мүмкіндігі шектеулі жандарды қарамағына алып, олардың қоғамның толыққанды мүшесі болуы үшін барын салып жүр.
20 жылдай Семей полигоны аумағында тіршілік еткен Болатбек Әбдікәрім – үшінші топтағы мүгедек. Бірақ соған қарамастан, ол тігін, қолөнер цехі мен баспа ісі сынды кәсіптердің тізгінін ұстап, әлеуметтің осал топтарын жұмыспен қамтуда. Оның қайырымдылық пен кәсіпкерлікті ұштастыруына «қоғамға пайдамды тигізсем» деген ниеті себепші болған.
Болатбек Әбдікәрім, әлеуметтік кәсіпкер:
- «Мен қажет емеспін, мүгедекпін» деген ойлар болады. Сол ойларды өшіріп, олардың өмірге құштарлығын оятып, өмірге қарай жетелеу керек. Сонда олар өздері сияқты мүгедекті көреді де: «Мен неге істей алмаймын?», – деп ойланады. Өмірге деген құштарлық пайда болады. Негізгі мақсат – осы.
Заманауи технологиялармен жабдықталған бұл полиграфиядағы өнімдерді мүмкіндігі шектеулі жандар басып шығарады. Жұмысын енді бастаған баспаханада әзірге 5 адам ғана еңбек етеді. Бірақ алдағы уақытта оннан астам қызметкерді тарту жоспарланып отыр.
Гүлмира Жанахметова, баспа қызметкері:
- Есепке алу бойынша техник қызметін атқарып келе жатқаныма үш жылдың жүзі болды. Мұнда Жұмыспен қамту орталығының нұсқауы бойынша келдім. Бұл салада бұрын жұмыс істеп көрмегендіктен, алғашқыда қиын болды. Бірақ әріптестерімнің көмегімен барлығын тез меңгеріп алдым.
Қазіргі таңда елімізде 600 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі адам бар. Әлбетте оларды қоғамға бейімдеп, жұмысқа орналастыру – өзекті мәселе. «Ал бұл түйткілдің шешімін табуға әлеуметтік кәсіпкерлік септігін тигізеді», – дейді мамандар.
Рамазан Салықжанов, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ социология кафедрасының доценті:
- Дәстүрлі капиталистік қатынастарды дамыту керек пе? Жоқ әлде әлеуметтік кәсіпкерлікті дамыту керек пе? Солай десе, екіншісін дамыту дұрыс дер едім. Себебі сау адам әрқашан өзіне жұмыс тауып, өзін дамытудың амалын табады. Ал мүмкіндігі шектеулі азаматқа қолдау керек.
Кәсіпкерліктің бұл түрі елімізде енді ғана дамып келеді. Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстанда 250 әлеуметтік кәсіпкер бар. Олар өз қаржысына тігін цехтарын, баспахана, тіпті жиһаз жасайтын өндіріс орындарын ашқан. Алайда әлеуметтік түйткілдерді шешуге атсалысып жүрген кәсіпкерлердің өздеріне де мемлекет тарапынан қолдау қажет.
Авторлары: Дана Алиева, Болотбек Табалдиев