Қиын жағдайға тап болғандарға волонтерлер қолұшын беріп жүр
Арбада отырған I топ мүгедегі Саян Самаровтың жағдайын айтып волонтерлер дабыл қақты. Мүмкіндігі шектеулі жан 5-ші қабаттан қабырғаға сүйеніп түссе, жоғары қарай еңбектеп шығады.
Саян Сарманов – Семей өңірінің тумасы. I топтың мүгедегі анасымен тұрады. Ол кісінің де денсаулығы сыр берген.
Алмагүл Самарова, III топтағы мүгедек:
- Өзім мүгедекпін. Мына бала I топ мүгедегі. Бейшара 5-ші қабаттан жылап, еңіреп түседі. «Мама, әкімдіктен төменгі қабаттан үй сұрашы», – деп күнде маған жылайды.
Кембағал жандардың ауыр тағдыры волонтерлерді бейжай қалдырмаған. Олар отбасына жан-жақты көмек көрсетіп келеді.
Батырхан Сүлейменов, волонтер:
- Ол 5-ші қабатқа еңбектеп шығады. Арбасын алып шығуға шамасы жетпейді. Сондықтан қайырымды жандардың көмегін күтеді. Біз осындай қиын жағдайды естіп, шыдай алмадық.
Саян Сарманов, I топтағы мүгедек:
- Бас ауырады, іш пысады. Кішкене қыдырғың келеді. Кісілермен әңгімелескім келеді. Үйде отырғым келмейді.
Бұл отбасының мәселесі жергілікті биліктің назарында. Көп кешікпей төменгі қабаттан баспана беруді қарастырып жатыр. Ұзақ уақыт пәтер жалдап келген Сармановтарға кезінде лайықты баспана табылмаса керек.
Наталья Нефедова, Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары:
- Уақытша баспана шынымен де 5-ші қабаттан тиді. Пәтер берілген кезде отбасы мүшелері ешқандай қарсылық білдірген жоқ. Өйткені 40 мың теңгеге пәтер жалдап тұрған. Мемлекеттік реестрде тұрған қызметтік баспана үшін тек коммуналдық қызметтің ақысын төлейді.
Екібастұзда қазір әлеуметтік баспананың құрылысы жүріп жатыр. Әкімдік бұл отбасына пәтерді 1-ші қабаттан беруге уәде етті. Жалпы қалада бірнеше волонтер жасағы бар. Олардың дені мұқтаж жандарға көмектесумен айналысса, бір бөлігі жоғалғандарды іздеуге көмектеседі.
Самал Дүйсенбаева, волонтер:
- Бізде қазір 3 адам із-түзсіз кеткендер санатында. Жоғалған адамдарды іздеп тапқан кезіміз де болады. Екі әйел адамды тауып, Павлодарға жібердік. Жуырда Горбузняк Виталий деген жігітті еліне қайтардық. Ол Қарағанды облысының тұрғыны екен. Көше кезіп, подъезде түнеп жүрген жерінен әкесінің қолына табыс еттік.
Волонтерлер кезбелікке салынған адамдарды ыстық тамақ, киім-кешекпен қамтамасыз етеді. Көпбалалы аналар да көмек сұрап жиі келеді екен.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Алексей Омельницкий