Түркістан облысында төрт елді мекен орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылды
Ауызсуға қолы жеткен тұрғындардың қуанышы бөлек.
Жаушықұм ауылының тұрғындары жылдар бойы таза ауызсуға қол жеткізе алмай келді. Ауыл халқына ұзақ уақыт амалсыз тұзды суды талғажау етуге тура келген. Жақында елді мекен орталықтандырылған ауызсу жүйесімен қамтылды.
Көбекбай Еспан, Жаушықұм ауылының тұрғыны:
- Судың сапасы төмен болды. 700-800 метрден шығатын су халықтың денсаулығына өте зиян. Амалсыз қолданып келдік. Ал қазіргі суымыз жақсы, өте сапалы. Бұрынғы судан бір сағаттың ішінде ыдыстың шетінде тұз жиналып, ізі қалатын еді.
Жаушықұм ауылына тартылған ауызсу құбырының ұзындығы 33 шақырым болатын 3 ұңғыма қазылған. Оның екеуі таза су қорын жинақтаушы болса, біреуі қосалқы. Ұңғымадан келген су мына тазарту стансасына жиналады. Жалпы жоба құны 221 млн теңгені құрайды.
Нұрбақыт Нұрсейітов, Жаушықұм ауылдық округінің әкімі:
- 250 кубтық екі резерборға жиналған су ауызсу жүйелерінің құбыры арқылы ауылдық округтегі тұрғындарға таратылады. Бүгінгі күні 371 отбасына таратылады. Жалпы Жаушықұм ауылдық округінде 5 елді мекен бар. Соның ішінде 3 елді мекенге тартылған.
Жалпы Жаушықұм, Айдаркөл, Баспанды және Жоласар сияқты 4 елді мекен орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылды. Онда барлығы 520 отбасы тұрады. Айта кетейік, Шардара ауданы халқының 94% орталықтандырылған ауызсу жүйесімен қамтылған. Қала тіршілік нәрін Шардара су қоймасынан алады. Тазартылып, халыққа таратылады. Бірақ су тазалау қондырғылары ескіргендіктен жаңартуды қажет етеді.
Нұрмахамбет Сапаров, Шардара ауданы әкімінің орынбасары:
- Біздің негізгі мәселеміз – тазарту мәселесі. Осыған орай біз 2019 жылы жобалық-сметалық құжаттарын дайындап, облыстық Энергетика басқармасына ұсындық. Жаңа технологияға ауыстыру, сапалы ауызсумен қамту қажет. Еуроталаптарға сай жасауымыз керек.
Шардара қаласы бас су торабының тазарту станциясын қайта құру жобасының құны 3 млрд 800 млн теңге деп жоспарланып отыр.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш