Түркістанда әлеуметтік-мәдени нысандар құрылысы қарқынды жүріп жатыр
Үкімет басшысы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Түркістанды дамыту жөніндегі тапсырмасына орай қаланы жаңғыртудың ІІ кезеңіндегі атқарылып жатқан жұмыстармен танысты.
Түркістанда шетелдік инвесторлардың қаржысына халықаралық әуежай салынып жатыр. Терминал жылына 3 млн жолаушы қабылдайды. Үкімет басшысы әуежай мен оған апаратын жол құрылысының сапасын тексерді. Жаңа нысан облыс орталығынан 16 шақырым қашықтықта орналасқан. Биылғы жылдың желтоқсан айында пайдалануға беріледі. Одан бөлек Асқар Мамин бірнеше нысанның құрылыс жұмыстарын аралап көрді. Олар: Конгресс-холл, оқушылар сарайы, жабық бассейні бар спорт кешені, 7 мың орындық стадион және драма театры. Жыл соңына дейін Түркістанда жеке инвестордың қаржысына салынып жатқан екі ірі қонақүй мен түрік компаниясы есебінен құрылысы жүргізіліп жатқан көпсалалы туристік орталық пайдалануға беріледі. Бұл жобаларға тартылған инвестицияның көлемі – 80 млрд теңге.
Айта кетейік, шаһарда мемлекет қаржысына ғана емес, шетелдік инвесторлардың қатысуымен де құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Күзде Түркістан қаласында Орта Азия мемлекеттері басшыларының саммиті өтеді. Премьер-Министр соған дейін барлық қажетті нысанның құрылысын уақытында аяқтауды тапсырды. Жалпы өңірде құрылыс жұмыстары белгіленген кестеге сай жүргізілуде. Өткен жылы шаһарда 9 нысан пайдалануға берілді. Олар: облыс әкімдігінің ғимараты, неке қию сарайы, амфитеатр, музыкалық субұрқақ және шығыс моншасы. Биыл тағы 15 нысан тапсырылады.