Ақмола облысында құтқарушылар су тасқынына дайындық шараларын қолға алды
Осы себепті Ақмола облысында көктемде су тасу қаупі бар. «Сақтансаң, сақтайды», – дейді. Сондықтан бұған да алдын ала дайындық қажет.
Дәл осы себепті өңірде қазір тасқын судың алдын алу жұмыстары басталып кетті. Ал бұған бюджеттен 1 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылып отыр.
Биылғы қыс Ақмола облысы үшін қардың өте қалың болуымен және ауа райының әдеттегіден жылы әрі құбылмалы болуымен есте қалып отыр. Қардың өте қалың болғанына бір ғана дәлел – Көкшетау-Атбасар тасжолының бойындағы көлік аялдайтын тұрақ. Бірақ бұл жердің өзі қыс басталғалы қар астында қалған.
«Қазгидромет» мамандарымен Зеренді және Сандықтау аудандарын бетке алып, қардың мөлшерін анықтамақ. Бұл мақсатта далалы жердегі ақ ұлпаның биіктігі есептеледі. Мәселен, тегіс жердің өзінде қардың қалыңдығы биыл 30-40 см-ге дейін жетеді. Мамандардың айтуынша, бұл өткен жылдармен салыстырғанда екі есеге көп. Ал сай-салаларға кемінде 1 метрден астам қар жиналған. Осы жағдайлар су тасқынына тікелей әсер етеді.
Евгений Ковтун, «Қазгидромет» АҚ облыстық филиалының инженер-гидрологы:
- Қардың тығыздығы да күшейген. Бұған күннің жылынып, қайта суытуы сеп болды. Сәйкесінше қатты қардың құрамында ылғалдылық деңгейі өте жоғары болады.
Мамандардың айтуынша, бұл сапар олардың соңғы әрі нақты шешім жасауына мүмкіндік бере алмайды. Алда әлі бірнеше рет осындай жұмыстар жүргізілмек. Себебі ауа райы әлі сан құбылуы мүмкін.
Бақыт Мақажанова, «Қазгидромет» АҚ облыстық филиалының директоры:
- Айта кету керек, ақпан және мамыр айларында да әлі біраз қар жауады. Мәселен, ақпан айында қар айлық нормадан 4-5 мм-ге көп болады. Қазірдің өзінде біздегі жауын-шашын мөлшері орташа көпжылдық қалыпты деңгейден 80% артық.
Қардың қалың болуына байланысты төтенше жағдайлар қызметі: «Биыл аймақтың барлық ауданына қауіп төнуі мүмкін», – деп отыр. Мәселен, бұрынғы жылдары аудандар қатердің күштілігіне қарай жасыл, сары және қызыл деңгейлі деп бөлінсе, биыл барлық аудан-ауыл қызыл аумаққа жатқызылған. Сондықтан қазір облыста тасқын судың алдын алу жұмыстары жүріп жатыр. Осы мақсатта 2 мыңнан астам адам мен 500-дей техника әзірленген.
Алексей Советов, облыстық ТЖД бастығы:
- Былтырдан бері халықты тасқын судан қорғау үшін 54 елді мекенде біршама жұмыстар жүргізілді. Атап айтсақ, су жүретін арықтар тереңдетіліп, қажет жерлерге бөгет салынды. Сондай-ақ 5 шақырым қашықтықта өзендердің арнасы тазаланды. Енді тасқын қаупі күшті аудандарда әлеуметтік нысандардың маңайын қаптармен қоршауды бастаймыз.
Жалпы Ақмола облысында ірі су тасқыны соңғы рет 2017 жылы болды. Ол кезде аймақтың Аршалы, Астрахан, Атбасар, Целиноград және Сандықтау аудандары қатты зардап шеккен еді. «Ал биылғы қар одан әлдеқайда көп», – дейді мамандар. Сондықтан барлық аудан-ауылдарда қазір сақтық шаралары күшейтілген. Синоптиктер: «Өңірде су тасу қаупі наурыз айының соңы мен сәуір айының басында күшейеді», – деп болжап отыр.
Авторлары: Дамир Берікұлы, Евгений Шинкаренко, Анатолий Полянный