Павлодар, Ақтау және Алматы қалаларында волонтерлік әдістемелік орталықтар құрылады
Сондықтан аймақтарда да волонтерлер күш біріктірмек. Олардың қатарына қосылып, «жұртқа көмек көрсетемін» деушілер көп. Ол үшін волонтерлік мектептердің жұмысы жанданбақ. Бұл іске аға буын өкілдері де атсалыспақ. Өңірлерде волонтерліктің қыр-сырын үйрететін әдістемелік орталықтар ашылады.
Динара Айтжанова – волонтерлік орталықты басқарған белсенді азамат. Бүгінде облыстық кәсіподақ ұйымдарына жетекшілік етеді.
Динара Айтжанова, облыстық Кәсіподақтар ұйымының басшысы:
- Біз ұрпақтар сабақтастығын үзбеу үшін бірнеше акцияны қолға алдық. Бүгінде облыстың әр үшінші тұрғыны кәсіподақтарға мүше. Еріктілікті солардың арасында насихаттамақпыз.
Владимир Чопахин саналы ғұмырын металлургия саласына арнаған. Тағдырдың жазғаны болар, жолдасы ерте қайтқан. Жалғызбасты зейнеткерді кәсіподақ ұйымдарының жастары қамқорлыққа алып, үй шаруасына көмектеседі.
Владимир Чопахин, Жаңа ауылының тұрғыны:
- Жас емеспіз, денсаулығым сыр береді. Үй ішінде кей жұмыстарға шамам жетпейді. Міне, балалар келіп, көмектесіп жатыр. Рахмет айтамын!
Гүлзира Атабаева, волонтер:
- Ұрпақтар сабақтастығын үзбеу керекпіз. Ол үшін қарияларымызға көмек көрсетеміз. Ал олар бізбен өмірлік тәжірибесімен бөліседі. Бұл жас буын өкілдері үшін аса маңызды.
Ал Ақтауда волонтерлерге қолдау көрсететін әдістемелік орталық құрылды. Екі аптаның ішінде аталған орталыққа 300-ге жуық адам хабарласқан. Мұнда еріктілерге волонтер болудың алғышарттары таныстырылып, ақпараттық қолдау көрсетеді. Бүгінде олар мұқтаж жандарға 5 әлеуметтік бағыт бойынша көмек беру тетіктерін үйренуде.
Мұқаш Оралбай, «Бекен» жас көшбасшылар достастығының директоры:
- Кейбір отбасы үкіметтік емес ұйымдардан, қайырымдылық топтардан көмек алып жүреді де, кейбір отбасы назардан тыс қалып жатады. Сондықтан ендігі кезекте бізде волонтерлік топтар мен ұйымдардың ортақ базасы болады.
Қазіргі таңда волонтер болу үшін де білім керек. Сол себепті Павлодар, Ақтау және Алматы қалаларында әдістемелік орталықтар құрылады. Бұл мекемелер әлеуметтік бағытта жұмыс істейтін волонтерлерді оқытумен айналысады.
Авторлары: Ақмарал Есімханова, Гүлмира Әбішева, Марат Игіліков