Еліміздің мыңнан астам ауылы жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылады
Енді қарапайым тұрғындар электронды қызметтің көмегіне еш қиындықсыз жүгіне алады. Осы ретте жобаны жүзеге асыру үшін бүгін Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі мен ұялы байланыс операторлары меморандумға қол қойды.
Жыл соңында шалғай жатқан елді мекендердің бірсыпырасы кеңжолақты интернетке қол жеткізеді. Тың технологияның игілігіне халық саны 250-ден асатын ауыл-аймақ тұрғындары ие бола алады.
Асқар Жұмағалиев, ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі:
- Келесі кезеңде біз 50 тұрғыны бар ауылдарды кеңжолақты интернетпен қамтимыз. Мұны ұялы байланыс және спутниктік технология арқылы жүзеге асырамыз.
Министрдің сөзіне сүйенсек, бұл жобаға мемлекеттік қазынадан қаржы бөлінбейді. Барлық шығынды «Қазақтелеком» және компаниямен келісімге отырған ұялы байланыс операторлары өтейді. Жалпы интернет құны нарықтағы бағадан жоғары емес.
Қуанышбек Есекеев, «Қазақтелеком» АҚ Басқарма төрағасы:
- Тиісті қаражаттың көлемін нақтылап жатырмыз. Негізгі қаражат 65,35% болып бөлінген. Ауылдарды интернетпен қаматамасыз ету шығындары шамамен 12 млрд теңгедей болады. Бұл – өте ауқымды жоба. Аудан орталықтарын былай қойғанда, алыс ауылдар 4G желісіне қол жеткізе алады.
Бұл жобаны жүзеге асыру үшін келісімге отырған ұялы байланыс операторлары салықтық жеңілдіктерге ие болады. Сонымен бірге Мәжіліс депутаттарының бастамасымен ұялы байланыс, инфрақұрылым үшін жер бөлу процедурасын жеңілдету жоспарланған. Осылайша қала мен ауыл арасындағы цифрлық алшақтық азайып, ауылдық елді мекен тұрғындары сапалы интернетті пайдаланатын болады.
Авторлары: Бірлік Берікұлы, Аян Сәрсенбаев