Қасым-Жомарт Тоқаев қауіпсіздік конференциясына қатысып жатыр
Оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысуда. Жаһандық жиын басталмай тұрып Мемлекет басшысы Германияның бірқатар жетекші компанияларының басшыларымен жеке кездесті. Бұл – қауіпсіздік жөніндегі 56-ыншы Мюнхен конференциясы ең ірі жаһандық бейресми жиындардың бірі. Мюнхеннің қақ ортасында орналасқан «Бавар сарайы» қонақүйінде осы 3 күнде әлемдік саясаткерлер әлемді оның тұрғындары үшін қауіпсіз ете түсудің жолдарын талқылайды. Әдетте мұндай жаһандық жиындарды саясаткерлер қосымша келіссөздер алаңына айналдырып алады. Мюнхенге жұмыс сапарымен келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев да солай етті. Мемлекет басшысы әуелі «BayWa AG» компаниясының басқарма төрағасы Клаус Лутцпен кездесті.
«BayWe AG» – ауыл шаруашылығы, құрылыс және энергетика саласында қызмет ететін Германияның ірі холдингтерінің бірі. 2018 жылы компанияның нарықтағы құны 16,6 млрд еуроға жеткен. Әлем бойынша 290 бөлімшелерінде 17 мың қызметкер жұмыс істейді. Компания Орталық Азия нарығына енуге құлықты. Бұл ретте оның таңдауы Қазақстанға түсіп тұр. Холдинг Назарбаев университеті базасында агроинновациялық зертхана құру мүмкіндігін қарастырып жатқан көрінеді.
Клаус Лутц, «BayWt AG» компаниясының басқарма төрағасы:
- Компаниямыздың тарихы бар. Биыл 100 жылдығын атап өтеді. Бізді түрлі нарықтар қызықтырады. Мысалы, біз Араб Әмірліктерінде бір жобамызды бастадық.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев «Rhenus SE&Co.KG» компаниясының басқарма мүшесі Михаэль Виферспен де кездесті. Компания теңіз, теміржол және көлік пен әуе арқылы жүк тасымалымен айналысады. Компанияның Қазақстанда да өз өкілдігі бар. Енді холдинг Қазақстан аумағында теміржол және автомобильдердің контейнерлі терминалын салуға ниетті. Инвестиция салуға әзір отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:
- Қазақстанның экономикасы тұрақты. Біз шет елден инвестиция тартуға мүдделіміз. Оның барлық жолын қарастырып жатырмыз. Әсіресе Германиядан инвесторларды тарту жұмысын жүйелеу түсу үшін келіссөздер жүргізуге әзірміз. Жуырда Германияға жасаған ресми сапарымның барысында біраз келіссөздер жасадық. Бүгінгі делегацияның құрамында Германияның Қазақстандағы елшісі бар. Бұл ретте ол кісі көпір бола алады.
Михаэль Виферс, «Rhenus Se&Co.Kg» компаниясының басқарма мүшесі:
- Бұл – біздің отбасылық компания. Жылдық айналымы – 50 млрд еуро. Біздің компания Қазақстанға инвестиция салу мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Мемлекет басшысы жеке жүздескен тағы бір бизнес өкілі – Патрик Видеманн. Ол – «Reverse Logistics Systems GmbH» компаниясының басқарма төрағасы. Компания әлемнің көптеген елінде жаңа депозиттік жүйе енгізумен айналысады. Олар қайтарымды депозит жүйесін Қазақстанға енгізуге де мүдделі. Компанияның басқарма төрағасы: «Қазақстанға инвестиция салуға дайынбыз», – деді.
Патрик Видеманн, «Reverse Logistics Systems Gmbh» компаниясының басқарма төрағасы:
- Қазақстанға қатысты тың ұсыныстар бар. Негізгі мақсат: тұрғындардың қоқыс туралы түсінігін өзгерту, әр қолданған затты қайта өңдеуге болатынын түсіндіру. Еуропа мемлектеттерінде қоқысты жинап, оны «депозитке тапсырғандарға» 25 цент беріледі. Мұндай тәжірибені 2013 жылдан бері қолданып келе жатырмыз.
Биылғы жаһандық жиынға 800 делегат қатысып жатыр. Соның 40 шақтысы – мемлекет басшылары. Германияның Федералды Канцлері Ангела Меркель былтыр бұл жиынға қатысқан, ал биыл келген жоқ. Оның орнына Федералды президент Франк-Вальтер Штайнмайер бар. Ресей делегациясын Сыртқы істер министрі Сергей Лавров, АҚШ-тың атынан Мемлекеттік хатшысы Майк Помпео келді. Сондай-ақ президенттердің қатарында Эмманюэль Макрон, Владимир Зеленский де бар. Биылғы жиынның делегаттары арасында Марк Цукербергтің де есімі аталады. Себебі бұл жолғы форумда киберқауіпсіздік және фейк ақпарттар ағынымен күрес мәселесі де талқыланбақ.
Конференцияның қарсаңында форум басшысы Вольфганг Ишингер арнайы баяндамасын жасаған. Онда конференцияның негізгі тақырыптары көрсетіген. Анықталғандай, 56-ыншы конференцияда жалпы тақырыптан бөлек «Солтүстік ағын-2» газ құбырының құрылысы жеке сөз болады. Сондай-ақ коронавирус мәселесі де арнайы сессияда талқыланады. Онда Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бас директоры Теодор Гебрейесус баяндама жасайды.
Қауіпсіздік жөніндегі Мюнхен конференциясы ертең де жалғасады. Ертең «Географиялық орналасудың маңызы: Орталық Азиядағы қазіргі ахуал» атты панельдік пікірталас өтеді. Оған Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қатысып, сөз сөйлейді. Сондай-ақ ертең Президент бірқатар елдің басшыларымен және бизнес өкілдерімен жеке кездеседі деп жоспарланып отыр.
Авторлары: Гүлжан Марқабаева, Азамат Сәметов, Айдос Серікболұлы, Алмас Омарғалиаев