Еліміздегі ең қарт волонтер Қарағанды облысында тұрады
Ол Нұра ауданының Тікенекті ауылында тұрады. Ең бастысы бұл жұмысы үшін бір тиын да ақы алмайды. Ауылдастары оны «Сарыөзендік супермен» деп атап кеткен. Бұл – 80-нің сеңгіріне шыққан Минниагзам Авлияровтың күнделікті тірлігі. Таңмен таласа тұрып, ауыл ішін қардан аршиды.
Ең әуелі мектеп пен аурухана, мәдениет үйі және аудан орталығына апаратын жолды тазартады. Соның арқасында балалар қыс бойы сабаққа қиналмай барып жүр, жедел жәрдем көлігі де кедергісіз кіріп-шығады.
Рамазан Әбілдинов, Тікенекті ауылының тұрғыны:
- «Мынаны жанар-жағармайға жұмсаңыз» деп тиын-тебен беріп жатсаң, ол кісі көңіліне алып, ренжіп те қалатын уақыттары болады. Оған «осындай шаруаны істе» деп ешкім айтпайды да, сұрамайды да, өтінбейді де. Бірақ өзінің бұрыннан келе жатқан дағдысына салып, бораннан кейін тазалап отырады.
Ақсақалдың ұлты – башқұрт. Қазақстанға тың игеру жылдары келіпті. Ұзақ жылдар Тікенекті ауылында механизатор болып еңбек еткен. Қыс бойы қармен алысқан қария көктем шығысымен көпірлерді тазалап, бөгеттердің бұзылмауын қадағалап отырады екен. Ал жазда көмекке мұқтаж отбасыларына тегін шөп шауып, қысқы азығын жинап береді.
Минниагзам Авлияров, тыл ардагері:
- Ауыл өзіміздікі ғой. Балалар сабаққа келеді. Жол болмаса, кішкентай балаларға қиын ғой. Қар биыл көп түсті. Осы жылы су да көп болады. Мұның бәрін тазалап, көктемде су баспайтындай жағдай жасау керек қой. Екі бөгет бар.
Қарияның сауапты ісінен ауыл жастары да сабақ алып, қар тазалау жұмыстарына белсенді қатысып жүр. 30-ға жуық волонтер трактор бара алмаған аулаларды ақ ұлпадан аршиды. Өткен жылдың соңында ақсақал «Шапағат» медалімен марапатталыпты.
Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Аслан Демесбаев