Хабар

Жетісу облысының 99 жастағы ардагері үнемі ел тыныштығын тілеп отырады

Жетісу облысында екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан екі ардагер ғана қалды. Солардың бірі - Төлеубай Шектібаев. 99 жастағы қария үнемі ел тыныштығын тілеп отырады. От пен оқтың ортасынан аман келген ардагерден тілшіміз Шыңғыс Қалиден сұқбат алған еді.  

 99 жастағы Төлеубай ақсақал соғыс туралы сыр ақтара бермейді. Себебі қан майданның қиыншылығы, жанына салған жарасы жүрек сыздатпай қоймайды. Қария жас күнінен бері қалыптасқан дағдысынан осы жолы да айнымады. Сұрапыл жылдарды еске алғаннан гөрі елге ақ тілегін жеткізуді жөн көрді. 

Төлеубай Шектібаев, соғыс ардагері:

-Алдағы өміріміз тыныштық, бейбітшілік, енді қырғын соғыс болмай-ақ қойсын. Бала-шаға, ел-жұртымызға тыныштық болсын. Алланың берген бақыты қайырлы, бақытты болыңдар. Әумин.  

Қарт майдангер бұрынғы Семей облысының Жарма ауданында 1925 жылы дүниеге келді. 1943 жылы соғысқа шақырылып, арнайы дайындықтан өткен соң артиллерист ретінде Беларусь фронтына жіберілген. 

Алмас Шектібаев, Т. Шектібаевтың ұлы:

- Венгрияға дейін жетіп, 45 жылы соғыс бітті. Одан кейін Жапонияға соғысты. Эшелонға тиеп, Жапонияға алып кетті. 1946 жылы үйге қайтты. «За отвагу» медалі бар, Орден отечественой войны ордені боевой наградалары бар. 

Соғыс ардагері елге оралған соң, жоғары білім алып, ауыл шаруашылығы саласында еңбек еткен. Тәжірибесі толысқаннан кейін совхоз басқарады. Отбасын құрып, жары Розамен бірге жеті бала тәрбиелеп өсірді. Соғыс пен еңбек майданында шыңдалған Төлеубай қария бүгінде мемлекеттен берілген үйде, ұл-қызының қамқорлығына бөленіп отыр. 

Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев, Олжас Байбосын