Алдағы үш жылда 4 ЖЭО салынады

  • 158
  • 14.04.2025, 18:34

Үкімет биылғы жылыту маусымын қорытындылады. Энергетика министрлігінің мәліметінше, республика бойынша жылыту маусымында ақау болған жоқ. Мемлекет басшысының тапсырмасымен былтыр бюджеттен 327 миллиард теңге бөлініп, 10 энергия блогы, 55 қазандық және 45 турбина күрделі жөндеуден өткізілген. 

Енді келесі жылыту маусымына дайындық басталып кетті. Жоспар бойынша 10 энергия блогы және 39 турбина жөнделеді. Орталықтандырылған жылумен қамту аймағындағы 66 жылу орталығының 53 қазандығы жөндеуден өтеді. «Ұлттық энергетиканы жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жалпы құны 4 триллион теңге болатын 17 мың шақырым электр желісі мен 323 шақырым жылу желісі жаңартылады. Бұл жылу жүйесінің тозу деңгейін айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік береді. 

2028-ші жылға дейін 4 жылу электр орталығы салынады. Жаңа нысандар Семей, Өскемен, Көкшетау және Қызылорда қалаларында бой көтермек. Жалпы еліміз тәуелсіздік алғалы бері бірде-бір жылу электр орталығы салынбаған. Сондықтан жаңа энергетикалық нысандар салаға оң серпін береді, - дейді мамандар.