Қазақ әскерінің әлеуеті артып келеді

  • 95
  • 07.05.2025, 18:00

Қазақстан әскерінің әлеуеті жылдан жылға артып келеді. Елдің Қарулы күштері мереке күндері де ел тыныштығын күзетеді. Мәселен, Ақтаудағы әскери теңіз флоты әдеттегідей жауынгерлік жорықта жүр. Ал Қарағандыда Ұлттық ұлан сарбаздары қала көшелерінде қоғамдық тәртіпті сақтауға атсалысып, аса маңызды мемлекеттік нысандар мен түзету мекемелерінің қауіпсіздігін бақылайды. 

«Маңғыстау» зымыранды-артиллериялық кемесі Қазақстанның Әскери-теңіз күштерінің флагманы саналады. Кеме экипажы Каспий маңы мемлекеттері тұрақты өткізетін әскери оқу-жаттығуларда мол тәжірибе жиған. Еліміздің теңіз инфрақұрылымын, шекара қауіпсіздігін қамтамасыз етуден бөлек, құтқару операцияларына да қатысып жүр.

Ермекбай Оспанов, «Маңғыстау» зымыранды-артиллериялық кемесінің командирі: 

- Жауынгерлік кезекшілік кезінде біздерге төтенше жағдай бөлімшелерінен Ақтау маңындағы теңізде 2 адам жоғалып кетті деген хабарлама келді. Біздер соны радиолокациялық құрылғысымен бірге анықтадық. Су бетінде екі адам қалқымалы заттың үстінде жүзіп кетіп бара жатқан жерінен құтқардық.

Ал Ерлан Қыдырбай Қарағандыдағы №6505 әскери бөлімінде қызмет етеді. 26 сәуірде әріптестерімен бірге жұмысқа бара жатқан жолда шатыры отқа оранған үйді көріп, бірден көмекке ұмтылған.

Ерлан Қыдырбай, 6505 әскери бөлімі қарауыл бастығының көмекшісі:

- Мен үйге кірсем, әйел адам не істерін білмей есеңгіреп қалған сияқты болып көрінді. Ананың іші түтін, дым көрінбейді. Әскери қызметші болғаннан кейін ондай жағдайларға немқұрайлы қарай алмаймыз. Әскери тәртіп әрбір қызметшіні тәртіпке үйретеді. Соның арқасында төрт жанды аман алып қалдық.

Ұлттық ұлан жауынгерлері қала көшелеріндегі қоғамдық тәртіпті сақтауға атсалысып, аса маңызды мемлекеттік нысандар мен түзеу мекемелерін күзетеді. Сондықтан олардың білімді, физикалық және әскери даярлығының жоғары деңгейде болуы маңызды.

Мақсат Мұқаев, 6505 әскери бөлімі командирінің орынбасары:

- ҚР Ұлттық ұлан бас жауынгерлік даярлық басқармасымен жаңа үлгіде сабақ кестелері дайындалды. Сол сабақ кестелері бойынша практикалық сабақтар өткізілуде. Әр сарбаз өзінің қаруын жетік меңгеру керек.

Ал Ақтөбедегі Әуе қорғаныс күштері әскери институтында сарбаздар жойғыш ұшақ пен тікұшақты басқару, әуе диспетчері, инженер және әскери дәрігер мамандығы бойынша білім алады. Жылына 200-дей түлек еліміздің көк аспанын қорғауға аттанады. 

Бүгінде 27 мың курсант офицер атанған. Екі мәрте Кеңес Одағының Батыры Талғат Бигельдинов атындағы оқу ордасында елдің түкпір-түкпірінен келген жастар, сондай-ақ шетел азаматтары ұшқышсыз ұшу аппаратын құрастырып, ұшырудың қыр-сырын үйреніп жүр.

Қуаныш Мыңжасар, Әуе қорғаныс күштері әскери институтының курсанты:

- Ұшқышсыз ұшу аппараты операторы әуе кемесін сезіне білу керек. Ең алдымен, оқу процесі әуе көлігінде болады. 2-курс бітірген кезде ZLIN242L ұшағымен дайындайды. Әуеге көтеріліп, әуедегі процесстерді сездіреді.

Еліміздің Қарулы Күштері Отан қорғаушы күнін арнайы әзірлікпен қарсы алады. Мәселен, әскери теңізшілер кемесі Ақтаудағы жауынгерлік су айлағына зәкір тастаған соң жеке құрам құрлыққа шығуға дайындалады.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Әскери теңізшілер тамақтанатын орын «Камбуз» деп аталады. Жеке құрамға күніне 3 мезгіл тамақ пісіру кок-командордың міндеті. Бір қызығы, мемлекеттік мерекелерге арналған арнайы ас мәзірі де бар. Мысалы, Отан қорғаушы күні матростар мен офицерлерге қуырдақ пен тәтті бәліш ұсынылады.

Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев, Ренат Досалиев