Шерзат ісі: сотталушылардан жауап алынды

  • 32
  • 21.05.2025, 18:50

Талдықорғанда Шерзат Полаттың қазасына қатысты сот отырысында күдіктілерден жауап алынып болды. Бүгін Абзал Шынасыл бет-бейнесін тікелей эфирде көрсетуге келісімін беріп, болған жағдайды баяндады. Ол тергеу кезіндегі «Шерзатты пышақтадым» деген сөзінен бастартты. Қылмысты «Шыңғыс Белғожаевпен ақылдасқаннан кейін мойныма алдым», - деді. Әрі Нұрғанат Гайпбаевты ұрғанын және оның жамбасына үш рет пышақ салғанын айтты. Ал жәбірленуші тарап жасөспірімнің қайтыс болуына Абзал Шынасылды кінәлі деп білетінін жеткізді. Соңында сотталушы Дидар Қалиахмет куәлік етті. Ол ешкімді ұрмағанын, пышақ алып шыққан Қаржаубайдың қолынан ұстап тоқтатқанын жеткізіп, жедел-жәрдем шақырмағанына өкінетінін айтты. Осылайша 9 күдіктінің бәрінен жауап алынды. Процесс соңында тексеру хаттамалары оқылды. Прокурор Шерзаттың сол жақ қабырға тұсына ауыр соққы жасалғанын айтты. Аймақты тексеру кезінде ұзындығы 19 см пышақ, бәкі, мылтық табылып, айғақзат ретінде тіркелген.