Абай облысында Ұлы ақынның 180 жылдығына дайындық жұмыстары қызу қолға алынып жатыр.
«Мемлекет басшысының қолдауымен «Абайға құрмет» акциясы басталды. Хакім Абайдың 180 жылдық мерейтойына орай еліміздің әр өңірі облысымызға бір нысаннан салмақ. Қазір Маңғыстау, Түркістан, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан облыстары мен Шымкент, Астана қалалары тиісті жұмыстарды бастап кетті. Қалған өңірлер де бұл бастаманы қолдайтындарын білдіріп жатыр, - дейді облыс әкімі Б.Уәли.
Облыстың бас жоспарына сәйкес, Семейде 75 мың тұрғынға арналған жаңа ықшамаудан салу көзделген. Онда тұрғын үй кешендері, 40-тан астам әкімшілік, коммерциялық және әлеуметтік нысандар, саябақтар бой көтереді. Жоба аясында болашақта жастар сарайы, Жекпе жек сарайы, ғалымдар үйі, медиа орталық, көрме орталығы, Достық үйі, инвесторлар орталығы, музыкалық мектеп, филармония, этносаябақ, стадион, колледж, музей, балабақшалар, қонақүйлер мен сауда кешендері бой көтереді.
Облысты дамытудың кешенді жоспарына шетел инвесторлар тарту жұмыстары да қызу жүріп жатыр. Сондай-ақ, өңір басшысы Абай өңірінен шыққан ірі кәсіпкерлерді туған жердің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін көтеруге ат салысуға шақырды. Сол үшін маусымның 19-20 күндері Семей қаласында «Туған жерге туыңды тік» деп аталатын инвестициялық форум ұйымдастырылмақ.