Биыл 63 қазандық жөндеуден өтеді

  • 101
  • 27.05.2025, 18:30

Алдағы екі аптада жылу нысандарын жөндеу бойынша конкурстық рәсімдер аяқталсын. Үкімет отырысында Олжас Бектенов өңір әкімдеріне осындай міндет жүктеді. Тіпті бірқатар облысты сынға алды. Өйткені жаңғырту жұмыстары кестеден кешігуде. Жөндеу мерзімдерін ауыстыруға немесе жұмыс көлемін азайтуға жол берілмесін деп ескертті. Сондай-ақ енді жылу электр орталықтарының бірінші басшысы арнайы білімі бар тұлғалар қатарынан ғана тағайындалатын болды. Оның өзінде үміткер сынақ тапсыруы тиіс.  

Былтыр энергия көдерін жаңартуға және жаңғыртуға 327 млрд теңге бөлінген. Сол қаражатқа атқарылған жөндеудің арқасында күзгі-қысқы жылыту маусымы тұрақты және ірі апаттарсыз өтті.

Үкімет отырысында жауаптылар осылай деп есеп берді. Ал температуралық кестені сақтамау жағдайларының саны 215-тен 65-ке дейін төмендеген. Жылыту маусымының қорытындысы бойынша 9 жылу электр орталығы «қызыл» аймақтан «сарыға», 3 нысан «сарыдан» «жасылға» көшкен. 

Сұңғат Есімханов, ҚР Энергетика вице-министрі:

- Энергетикалық ұйымның бірінші басшыларын, бас инженерлерін, еңбек қорғау қызметінің басшыларын тағайындау енді техникалық, яғни біздің комитетте емтихан тапсырмай, қызметке тағайындауға болмайды. Енді жөндеу мерзімін бұзғаны үшін бірінші басшылардың да жауапкершілігі көзделеді.

Инфрақұрылымның тозу деңгейі қазір 49 пайызды құрайды. Сондықтан әлі атқаратын жұмыс жеткілікті. Жоспар бойынша 2025 жылы 577 энергия нысаны жөндеуден өтеді. Оның ішінде 63 қазандық, 10 энергия блог пен 39 турбина бар.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ең алдымен 19 жылу орталығын жаңғырту жұмыстары аяқталды. Тозығы жеткен қалған барлық жылу станциялары мен желілерін жөндеуді жалғастыру қажет. Біздің міндетіміз – халықты жылумен және электр энергиясымен сапалы қамтамасыз етіп, қолданыстағы жабдықтардың пайдалану мерзімін қауіпті деңгейге жеткізбеу. Арқаны ееңге салатын уақыт жоқ. Барлық жұмыс белгіленген мерзімде және толық көлемде орындалуға тиіс. 

Үкімет басшысының бұлай сын айтуының өзіндік себебі бар. Семей қаласында қазандықтарды жөндеу жұмыстары әлі басталған жоқ. Ал Маңғыстау облысында турбинаны жөндеу тиісті тәжірибесі жоқ құрылыс компаниясына берілген. Қостанай мен Ұлытау облысындағы нысандардың да жөндеу жұмыстарының қарқыны тым баяу. Осыған ұқсас кемшіліктер барлық өңірде кездеседі.

Жиын соңында 10 маусымға дейін дайындық жоспарын нақтылау тапсырылды. Бұл тапсырманы орындау нәтижесінде Солтүстік, Орталық және Шығыс өңірлері 15 қыркүйекке дейін, ал қалған аймақтар 15 қазанға дейін қысқы кезеңге толық дайын болуы тиіс. Сонымен қатар, отын қорын жасақтау мерзімі 1 қыркүйектен кешікпеуі қажет.

Ердәулет Ыбырайұлы, Айдос Меделбеков