Түркістан облысында Бәйдібек ауданы су тапшылығын көріп отыр

  • 73
  • 06.06.2025, 18:38

Түркістан облысы Бәйдібек ауданының тұрғындары тіршілік нәрінен тарығып отыр. Бес бірдей елді мекеннің тұрғындары ауызсуға зәру. Мемлекеттен қыруар қаражат бөлінгенімен, бірінде құбыр жарамай, екіншісінде қазылған ұңғымадан су шықпай қалған. Оның үстіне биылғы құрғақшылықта жығылғанға жұдырық болып тұр. Үлкен Шаян өзенінің де суы азайып кеткен. 

Жүзден аса түтіні бар Алғабас ауылына 6 жыл бұрын бюджеттен 164 млн теңге бөлініп, жаңа ұңғыма қазылған. Құбырлар тартылып, пайдалануға берілген. Алайда шыққан су ішуге жарамсыз болды. Кейін тартылып кетті, - дейді ауыл тұрғындары.

Жарқынбай Қадырбеков Алғабас ауылының тұрғыны:

- Мен өзім мына төменгі жақта тұрамын. Үйге бір тамшы су барған жоқ. Башнядан су шыққан жоқ дейді. Бір рет жинап жіберді, сап-сары су ақты. Одан кейін су көрген жоқпын. Былай су болмаған соң жастар да кетіп жатыр.

Ауылдағы жалғыз мектеп те жерасты суын пайдаланады. Балалар да осы судан шөл басады.

Қалдығыз Сырғабаева мектептің кіші буын қызметкері:

- Жаңбыр жауса, сырттағы су ішіне құйылады да, сол қоқыс суға дейін ішеміз шындап келгенде. Еденді де соған жуамыз. Ішінде құрттар да бар. Өз көзімізбен көргенбіз. Оны балалар ішеді. Құдықта су тартылса, барлығымыз өзеннен су тасып құямыз.

Өзекті мәселені аудандағы, одан қалды облыстағы жауаптылар да жақсы біледі. Бірақ нәтиже жоқ. Қайта жөндеуге болатын бесжылдық кепіл мерзімі өтіп кеткен.

Жандос Әзизханов, Бәйдібек аудандық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы:

- Кезінде мердігерді сотқа да берген, ескерту де жасаған. Олар барлық қажетті құжаттарға ие.

Ал құрылыс жұмыстарын атқарған «Көлсай Строй» компаниясының басшылығы суды талапқа сай бердік. Тіпті құжатқа тұрғындар қол қойып берді деген уәж айтты.

Асылбек Асанов, «Көлсай Строй» ЖШС учаске бастығы:

- Су ішпедік деген өтірік болады, су ішті ол жерде. ехникалық бақылау (технадзор) қабылдап алды, сондай-ақ авторлық бақылау да жүргізілді. ЖКХ-ның өкілдері қабылдап алды. Одан кейін бір-екі арыз-шағым болды. Оларды біз сол кезде барып, реттеп кеткенбіз.

Қалай болғанда да ауданды сумен қамтитын «Бәйдібек Су» мекемесі енді ұңғыманы бюджет есебінен қайта жөндемек.

Шыныбек Мұнашев, «Бәйдібек Су» мекемесінің директоры:

- Ішінде насос күйіп кеткен. Екі скважинаның насоссын ауыстырдым. Резервуардың ішін тазаладым. 55 абонент қазір үйіне кіргізбеген. Қазір халықпен жұмыс істеп жатырмыз. Үйіне кіргізіп, осы айдың ішінде қосамыз.

Алғабастан бөлек ауызсу проблемасы көршілес екі елді мекендерде де өзекті. Ағыбет ауылының ауызсу құбыры тесіліп, жарамсыз күйге түскен.  Ал Жұлдыз ауылында су қоры анықталмаған. Сондай-ақ Кеңсай, Ақтас, Қошқарата елді мекендерінде тартылған құбырларды көктемде өзен суы шайып кеткен.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш