Қызылорда облысындағы ауылдарға су құбыры тартылады

  • 71
  • 06.06.2025, 18:40

Президент тапсырмасына сәйкес 2025 жылға дейін еліміздегі барлық ауылдық елді мекен орталықтандырылған ауызсу жүйесіне қосылуы тиіс. Осы мақсатта Қызылорда облысының, Қазалы ауданында биыл 4 ауылға су құбыры тартылып жатыр. 

Солардың бірі Шәкен ауылы, мұнда тұрғындар әлі күнге дейін тіршілік нәрін құдықтан тасып ішіп келеді. Биыл бұл ауданда Мемлекет басшысының тапсырмасы толық орындала ма?

Қазалы ауданына қарасты Шәкен ауылында ауызсу мәселесі әлі шешімін таппаған. Елді мекеннің тұрғындары тіршілік нәрін ауыл шетіндегі құдықтан тасып ішуге мәжбүр. Көбі суды көлікпен, арбамен, тіпті есекке артылған бөшкелермен жеткізеді.

Нұрлан Жақыпбеков, тілші:

- Бұл құдық 50 жыл бұрын қазылған, содан бері ауыл тұрғындары осы жерден күнделікті тіршілік нәрін тұрмыста тұтынып келеді. Айтуларынша, бұл су мөлдір әрі тұщы екен. 

Аудан орталығынан 110 шақырым шалғай жатқан Шәкен ауылдық округінде бүгінде 119 үй бар. Тұрғын саны 700-ден асады. Ауыл әкімінің айтуынша, құдық суының сапасы үнемі бақылауда.

Берекет Сәрсенбаев, Шәкен ауылдық округінің әкімі:

- Арнайы біз аудандық СЭС мекемесінен проба құйып апарып береміp зертханасына. Сол жерде тексеріп, қорытындысын шығарып отыр. Пайдалануға жарамды. 

Бүгінде ауылға орталықтандырылған ауызсу жүйесі тартылып жатыр. Құрылыс жұмыстары наурыз айында басталған. Жоба бойынша 8,7 шақырым құбыр салынуы тиіс. Бүгінгі күні соның 7 шақырымы толық аяқталған.

Сәтбай Айдарбек, Қазалы аудандық құрылыс, сәулет және қала құрылысы бөлімінің сектор меңгерушісі:

- Жоба бойынша 8,7 шақырым қарастырылған. Қазіргі таңда 7 шақырым ауызсу желісі жүргізіліп, аяқталып тұр. Жоба аяқталған жағдайда 74 тұрғын үй мен 5 әлеуметтік нысан ауызсумен қамтылатын болады. 

Қазір облыс бойынша шалғайдағы 7 елді мекенге ауызсу жүйесі тартылып жатыр. Мамандар құрылысты жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отыр. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін арнайы мемлекеттік қордан қаржы бөлінген.

Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байділдаев