Парламент жаңа Салық кодексін бекітті

  • 29
  • 25.06.2025, 18:37

Жарты жылға жуық талқылаудан кейін Парламент жаңа Салық кодексін қабылдады. Енді Мемлекет басшысы құжатты қолдайтын болса, 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді. Сондай-ақ Мәжіліс үшінші сессия жұмысын қорытындылады. Депутаттар 39 жалпы отырыс өткізіп, 90 заңды қабылдапты.

Әуелі бүгінгі күн тәртібінде қаралған тақырыпқа тоқталсақ. Электронды сауда мәселесінің Парламентте қаралуы бекер емес. Қазақстанда соңғы 5 жылда оның айналымы 7 есе өсіпті. Болжам бойынша бұл қарқын тағы да арта түседі. Салада жұмыс істейтін компаниялар саны жүзден асыпты. Бұл нарықтың жылдық көлемі 3 трлн теңгеге жетіпті. Енді цифрлық жүйедегі сауданы қадағалау үшін жаңа институт құру көзделіп отыр. Заңда жазылған талаптарға сәйкес жеке тұлға шетелден өзі тұтыну үшін құны 200 еуродан асатын тауарды онлайн тапсырыспен сатып алса, операторға декларация құнын төлейді. Ал тауар бағасы одан төмен, салмағы 31 келіге жетпесе, ол декларациялауға жатпайды. Депутаттар тауардың нақты бағасы қалай анықталатынын сұрады.

Ержан Біржанов, ҚР Қаржы вице-министрі:

- Тауарларды сатып алу кезіндегі төлем, түбіртек сияқты құжаттар болмаған жағдайда бағаны мәліметтер базасын талдау негізінде кеден органдары анықтайды. Қажет болса, бұрын болған декларацияларды көтере аламыз. Біз қазірдің өзінде тауар сатылған интернет сайттарына талдау жүргіземіз. Былайша айтқанда, барлық дереккөздер пайдаланылады.

Парламент жаңа Салық кодексін мақұлдады

Мәжіліс Салық кодексін және оған ілеспе заң жобасын қабылдады. Бұған дейін Сенат депутаттары оған 31 түзету енгізген еді. Мәжілісмендер барлық ұсынысты мақұлдады. Құжат Президентке жіберілді. Ал палата төрағасы Ерлан Қошанов 3-ші сессия жұмысын қорытындылады.

Ерлан Қошанов, ҚР Парламенті Мәжілісінің төрағасы:

- Біз қалыптасқан дәстүр бойынша өңірлердегі кездесулер барысында сайлаушыларымыз көтерген түйткілдерді шешу жолдары жөнінде Үкіметтің жауабын тыңдадық. Үкімет сағаттарында, комитет отырыстарында, партия фракцияларының іс-шараларында бұл мәселелер жан-жақты, қызу талқыланды. Палата өз жұмысының алғашқы күндерінен бастап заң шығару процесінің ашықтығы мен айқындығын сақтап келеді. Келесі сессияда да біздің алдымызда бірқатар маңызды заң қабылдау міндеті тұр.

Мәжіліс үшінші сессияда 90 заң қабылдады

Алдағы уақытта талқыланатын құжаттар қатарында құрылыс кодексі, құқық бұзушылықтың алдын алу, тұтынушылардың құқығын қорғау, банк қызметі туралы заң жобалары бар. Депутаттар әдеттегідей бірқатар өзекті мәселелерге қозғау салды. Мысалы, заңсыз гидтер мен тіркелмеген шетелдік туроператорлар Қазақстан беделіне нұқсан келтіріп, қазынаға бір тиын да салмай отыр. 

Екатерина Смолякова, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қазақстан аумағында өз көліктерімен заңсыз туристік қызмет көрсетіп жүрген Қырғызстан, Өзбекстан, Ресей, Үнді, Пәкістан, Қытай елдерінің туроператорлары мен гидтері шетелдік туристке жемқорлық, қылмыс, саясат, қымбатшылық жайында теріс ақпарат тарататын сауатсыз гидтер ел имиджіне нұқсан келтіруде. Салдарынан еліміздің бюджеті шамамен 1 млрд теңгеден астам қаражат жоғалтып отыр. Ал бұған тосқауыл болатын туристік полицияның саны аз, өкілеті жеткіліксіз.

Мәжілісмендер балабақша мен жоғары оқу орындары, ауылдық жерлердің инфрақұрылымын дамыту мәселелеріне де тоқталды. Жалпы осы сессия барысында депутаттардан жалпы саны 461 сауал жолданыпты.

Ердәулет Ыбырайұлы, Азамат Сәметов