Енді еліміздің Бас прокуратурасында кадрлық үдерістер цифрлық форматта жүзеге асады. Бұл кадрларды іріктеу және дамыту мәселелерінің ашықтығын қамтамасыз етпек. Сондай-ақ маман даярлау жүйесін халықаралық стандарттарға сай етуге, қызметке қабылдаудан бастап зейнетке шығуға дейінгі барлық процесті толық автоматтандыруға мүмкіндік береді.
Бұл Әнел Мұхамбет. Ата-анасы бірдей құқық қорғау саласында қызмет етеді. Бала күнінен ол жұмыстың қиындығы мен қызығын сезініп өскен Әнел де осы саланың саңлағы болуға бел байлайды. Осылайша алдымен Қазақ ұлттық университетінің әскери кафедрасын тәмамдайды. Ал бүгін Құқық қорғау академиясының дипломын қолына алды.
Әнел Мұхамбет, ҚР Бас прокуратурасы жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының түлегі:
- Құқық қорғау органдарында жұмыс істеу – менің бала күнгі армандарымның бірі. Осы академияға түсу – менің өмірімдегі ең керемет шешімдердің бірі. Себебі академияда біз заң нормаларын ғана емес, білім мен бірге тәртіпті ұштастырып жүрдік. Оқытушыларға алғысым шексіз! Тәртіп тек қана, тәртіп болған жерде еңбек бар. Еңбек болған жерде нәтиже бар.
Құқық қорғау органдары академиясының 100-ге жуық түлегіне куәлік табысталды. Шара «Заң мен Тәртіп» апталығына орай ұйымдастырылды. Түлектердің қолында жолдамасы дайын. Олар алғашқы шенін алып, еліміздің әр өңірінде қызметке кіріседі.
Берік Асылов, ҚР Бас прокуроры:
- Кеше ғана Президент құқық қорғау органдарының алқа отырысында бұл саладағы маңызды рөл атқаратын жаңа толқын екенін атап өтті. Бұл сіздерге үлкен жауапкершілікті жүктейді. Сіздердің академияда алған білімдеріңіз кәсіби жолдарыңыздағы қаруларыңыз болсын! Біздің әр іс-әрекетіміз бен шешімімізде адамның тағдыры тұр. Сондықтан «Адал азамат» қағидасына сай болыңыздар дегім келеді.
Бүгінде Бас прокуратурада кадрларды іріктеуге арналған Open Academy платформасы құрылуда. Яғни құжат тапсырудан бастап еңбек шартына қол қоюға дейінгі барлық кезең онлайн форматта өтеді. Бұл «адами фактордың» ықпалын азайтып, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін төмендетуге мүмкіндік бермек.
Аида Әнуар, ҚР Бас прокуратурасы Кадрлық жұмыс департаментінің бастығы:
- Қазіргі кезде мамандыққа деген жастардың қызығушылығы өте жоғары. Жыл сайын әр орынға 4 баладан үміткер ретінде қатысады. Оның 100-150-і оқуға түседі. Қазір 100 бала бітірсе, жылдың соңында тағы 100 бала бітіріп шығады. Абай Құнанбаев айтқан «Толық адам» мен Президентіміз айтып жатқан «Адал азамат» қағидаттарына сай келетін азамат қана арғы ұрпағына үлгі бола алады.
Құралай Жұмахан, тілші:
- Бұрындары халық билердің шешіміне тоқтаған. Бүгінде адам, оның өмірі, құқықтары және бостандығын қорғау – сот пен прокурордың міндеті. Бастысы олар тура биде туған жоқ екенін ұмытпаса игі.
Құралай Жұмахан, Азамат Сәметов, Аян Сәрсенбаев