Өскеменде су көлігіне қызмет көрсететін мамандар даярланбақ

  • 222
  • 28.07.2025, 18:38

Өскеменде Жұмысшы мамандықтары жылы аясында су көлігіне қызмет көрсететін мамандар даярланбақ. Аталған сала кездейсоқ таңдалған жоқ. Соңғы жылдары елімізде мемлекетаралық су жолы қатынасын дамытуға ден қойылды.  Қазақстан мен Қытай, Ресей арасында жылына 2,5 миллион тонна жүк тасымалданатын транзиттік дәліз құру мәселесі де қаралып жатыр. Демек су көлігіне басқарып қана қоймай,  оның қыр-сырын меңгерген жұмысшыларға деген сұраныс артады. Қазір салада маман тапшылығы бар.

Туристік бағытта қызмет көрсететін өскемендік жекеменшік мекемеде бес теплоход, бір шағын круиздік кеме бар. Кәсіп иесі Ксения Белованың айтуынша, маусым сайын мотор жүргізушісі мен капитаннан бастап, ондаған жұмысшы жетпейді. Алайда қол қусырып отыруға тағы болмайды.

Ксения Белова, кәсіпкер:

- Бізде барлық жұмыс барысы нормативтік ережеге сай болуы қажет. Бірақ кадр  тапшы. Дегенмен талаптың аты талап қой. Кәсіп те тоқтамау керек. Әкімшілік қызметкерлері де демалыссыз жұмыс істейміз. Сондықтан жас мамандардың даярлануын ерекше күтіп жүрміз.

Енді бұл олқылықтың орны толады. Өскемен көпсалалы технологиялық колледжінде су көлігіне қызмет көрсету мамандығы екі біліктілік бойынша оқытылады. 9 сыныптан кейін түскен  студенттер су көлігін басқаратын жүргізуші және моторист болып шығады. Ол үшін материалдық-техникалық база дайын. Облыстық бюджет есебінен заманауи оқыту құралдары алынды. Мәселен, мына жаттығу симулятордың орны бөлек. Су көлігінің бүкіл құрылымын, қозғалысын әр қырынан көрсетеді. 

Су көлігін бес саусағындай меңгерген Сергей Мирошниченко кеме капитандары әулетінен шыққан. 25 жыл бойы осы салада қызмет ететін ол көрген-білгенін жастармен бөлісуге дайын.

Сергей Мирошниченко, кеме капитаны:

- Кадр тапшылығы бұрыннан бар. Көптен бері осы сұрақ шешілмей келген еді. Енді мінеки, мамандық ретінде оқыталтын болды. Бұл дәл осы су жолы шаруашылығына үлкен серпіліс береді. Елімізде су жолы арқылы жүк тасымалын дамытуға негіз бар. Бұған қауқарымыз да, тәжірибеміз де жетеді.

Аталған екі мамандық бойынша 15 студент білім алады. Олардың кейін жұмысқа орналасуы да алдын ала талқыланған. 

Қажымұқан Оспанғалиев, колледж директоры:

- Біздің негізгі артықшылығымыз — бұл оқыту бағдарламасын жұмыс берушілермен бірлесе отырып жасағанымыз. Бағдарламаны құру барысында индустриялық кеңес басшыларымен бірге отырып, оны бекіттік. Егер осы бағдарламаны тәмамдағаннан кейін жұмыс берушілер балаларымызды жұмысқа алатын болса, біз маңызды бір мәселені шештік деп ойлаймыз 

Білімі мен біліктілігі шыңдалған соң тәжірибелі деген мамандар капитан дәрежесіне де көтеріледі.

Алдағы уақытта бұл бағытытта оқыталатын маманықтар саны артады. «Өйткені елімізде су көлігі логистикасын дамытудың ірі жобалары жүзеге асатын күн жақын», - дейді сарапшылар. Айта кетсек, келесі жылы облыста Зайсан көлінің жағасындағы Тұғыл ауылында кеме портын салу жоспарланған.

Эльмира Ахметова, Дмитрий Пыхтин