Жамбыл облысында жол апаты 20% көбейген

  • 32
  • 28.07.2025, 18:48

Жамбыл облысында жол апаты былтырмен салыстырғанда 20 пайызға көбейген. Алты айдың ішінде 900-ден аса жол көлік оқиғасы болып, 84 адам көз жұмды. Осыған байланысты полицейлер кешенді алдын алу шараларын жүргізіп жатыр.   

Соңғы күндері Жамбыл облысындағы республикалық маңызы бар тасжолдарда апат көп тіркеліп жүр. Өткен аптада Тойота Альфард экскаватормен соқтығысып, төрт жолаушы қаза болды. Ал күні кеше жол талғамайтын көлік жолдан шығып кетіп, екі адам көз жұмды. 

Полиция департаментінің мәліметінше, жол-көлік оқиғалары негізінен таңғы сағат 4 пен 6-ның аралығында болады. Сол уақытта жүргізуші көлікті ұйқылы ояу хәлде басқарады. Полицейлердің күшімен облыстың 12 тұсынан ұйқыашар бекеттер қойылды.

Бауыржан Жанаев, ПД бастығының орынбасары:

- 12 жолды тарылту бекеттерінің мақсаты – түнгі сағат 12 мен таңғы сағат 9 аралықтарында ұйықтап кетпеу мақсатында жүргізушілерді тоқтатып, ескертіп, жол жүру ережелерін қатаң сақтау туралы және де ұйқысы келген жағдайда тоқтап демалып алуға шақырып ескертудеміз. Мұның барлығы жол-көлік апаттарына ұшырап қалмай, жол ережелерін қатаң сақтауға бағытталған шаралар.

Жамбылдық тәртіп сақшылары жүргізушілерге ұйқыашар құрылғысын таратып жатыр. Арнайы құлаққап дауыс шығарып, қалғыған адамды оятады. Қуаты бір тәулікке толық жетеді.

Жанқабек Рахымберді, жүргізуші:

- Үнемі жолдамын. Тоқтатып, «ұйқыңыз қалай? 1-2 сағат демалып алыңыз, беті-қолыңызды жуып алыңыз», - деп айтады. Енді бүгін мына затты беріп жатыр. Бірінші рет көріп тұрмын.

Жалпы аймақта жыл басынан бері 900-ден аса көлік апаты болған. 84 адам қаза болса, 1380 жолаушы түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді.

Мерей Бает, Елдар Байділдә