Ақмола облысындағы 36 ауыл ауызсумен қамтылады

  • 35
  • 28.07.2025, 18:41

Қазір ол елді мекендерге жаңа су құбырлары салынып жатыр. Оның ішіндегі 28 жоба қайтарылған заңсыз активтер есебінен іске асырылуда. Бұл мақсатқа арнайы мемлекеттік қордан 21,5 миллиард теңге бөлінген. Қаражаттың басым бөлігі Зеренді ауданындағы ауылдарға су құбырларын тартуға бағытталды. 

Зеренді ауданына қарасты Өркен ауылында мыңнан астам адам тұрады. Тіршілік нәрін жергілікті тұрғындар тасымалдап ішеді. Биыл көктемде ауылға жаңа су құбырлары тартыла бастады. Жобаға арнайы қордан 1 миллиард 400 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді. Ауыл тұрғындары үшін бұл үлкен қуаныш болды.

Баймұрат Жетпісбаев, Өркен ауылының тұрғыны:

- Бізде негізінде су бар. Бірақ ішуге жағдайы келмейді. Көбі жан-жақтағы ауылдардан тасиды. Біз өзіміз Көкшетаудан тасимыз. Ал енді қазір жер табылды. Ол жер өзі елу жылдан асады деген қоры бар. Ол бес рет тазалықтан өтіп, халыққа беріледі.

Сайлаубай Сауытбеков, Өркен ауылының тұрғыны:

- Егер үйде таза су болса, кранды ашып, таза суын ішіп отырсақ, бізге қандай тамаша, рахат! Деңсаулыққа да жақсы. Ертең өсе келе бала-шаға бар, немерелер бар, таза су – деңсаулық қой. Көктемде мердігерлемен кездестік. Олар енді осылай береміз, су тартып береміз деп уәде берді. «Осы қазан айында мүмкін бітіріп де береміз», - деді.

Ауылға 30 шақырым жаңа су құбыры салынып жатыр. Орталықтандырылған су жүйесіне 420 абонент қосылады. Су екі ұңғымадан алынып, бес сатылы сүзгіден өтеді. Құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін толық аяқталуы тиіс.

Дастан Мақажанов, жоба жетекшісі:

- Екі ұңғымамен құбырдан шығып, 3 километр құбырмен Өркен ауылына су барады. Ол ауылдың ішінде әрбір абонентке қақпасына дейін су жеткізіп беру мақсатымызда бар. Бүгінгі күнде 30 километр құбырдың 15-16 шақырым құбыры жерге салынып жұмыстар жүргізіп жатыр. Он шақты техника жұмыс істеп жатыр, 23 адам жұмыс істеп жатыр. Толық материалдармен, жабдықтармен қамтылған.

Биыл Зеренді ауданында су құбырларын салу және қайта жаңарту бойынша 13 жоба жүзеге асырылып жатыр. Оған 8,5 миллиард теңге қарастырылған. Оның ішінде 6 миллиард теңгеден астам қаржы арнайы қордан бөлінген.

Аслан Әбутәліпов, тілші:

- Жыл соңына дейін елді мекендерді сумен қамту бойынша барлық жобалар толық аяқталады. Ал 42 шағын ауылға кешенді блок-модульдер орнатылады. Нәтижесінде өңір тұрғындарының 100 пайызы сапалы ауызсумен қамтылады.

Аслан Әбутәліпов, Жеңіс Егінбаев