Ұлытаудағы «Тасбұлақ» алаңы қайта жаңғыртылды

  • 54
  • 01.08.2025, 18:44

Ұлытауға барған әр турист ұлттық рухты сезініп, табиғат аясында тынығып қайтатын тағы бір көрікті орын ел игілігіне берілді. Әулиетау етегіндегі «Тасбұлақ» алаңы қайта жаңғыртылды. Киелі мекенде туризмді дамытуға бағытталған жоба демеушілер есебінен жүзеге асты.

Әулиетаудың етегінде сылдырап аққан Тасбұлақтың тарихы тым әріден бастау алады. Ел арасында оның суы 8 түрлі дертке шипа деген сенім бар. Сондықтан болар Ұлытауға ат басын бұрған жолаушы осында аялдамай өтпейді. 

Нұрлан Қасымбеков, Ұлытау ауылының тұрғыны:

-Кісі арылмайды. Өздеріңіз көріп тұрсыздар келіп жатыр. Күнде таңертең келсеңіз де, кешке келсеңіз де осы Тасбұлақтан су қысы-жазы әрқашан ағып тұрады. 

Қайрат Жұмабаев, Ұлытау ауылының тұрғыны:

-Демалатын орын бұрында мұндай емес тұғын. Қолайсыздау тұғын. Ал енді міне өздеріңіз көріп тұрсыздар, еркін демалуға, табиғат аясында тыныстауға тамаша орын боп тұр. 

Тасбұлақ алаңын абаттандыру жобасы өңірді дамытудың кешенді жоспары шеңберінде жүзеге асты. Облыс әкімдігі мен «Қазақмыс» корпорациясы арасындағы меморандум аясында компания 50 млн теңге ақша бөліп, демеушілік жасады. Нәтижесінде аумақ толығымен абаттандырылып, жарық шамдары орнатылды. Шағын сәулеттік нысандар, автотұрақ және су сорғысы орнатылды. 

Жәнібек Нөпіров, облыс әкімінің орынбасары:

-Тарихи орындардың бәрі Ұлытауда шоғырланған. Бұл бұлақтан біздің ата-бабаларымыз осы жерден су ішкен. Сондықтан біз үшін бұл бұлақтың маңын абаттандыру, өздеріңіз білесіздер Карло Варыға адамдар бәрі басқа елден барып су ішеді. Болашақта сол сияқты орын болады. Сондай мақсатта әлеуетті көтеру үшін биыл абаттандырдық. 

Демалыс алаңы «Ұлытау» мемлекеттік ұлттық табиғи паркі аумағында орналасқан. Нысанды күтіп ұстауға енді осы мекеме жауапты болады. Туристерге жайлы жағдай жасау мақсатында келер жылдары Әулиетауға апаратын соқпақ жол салынып, «Күмісбұлақ» демалыс орны абаттандырылады. 

Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов