«Атырау–Орал» тас жолы жөнделеді

  • 14
  • 22.08.2025, 18:40

Республикалық маңызы бар «Атырау-Орал» тас жолының тозығы жетті. Салдарынан жолаушылар діттеген жеріне діңкелеп жетеді. 500 шақырымға созылып жатқан күре жол 20 жыл бұрын пайдалануға берілген еді. Қазір сапасы сын көтермейді. Жылда жамап-жасқағанымен қар мен жаңбырдан кейін қайта бүлінеді. Тіпті қазір жол апаты да жиілеген.

Жолдың бүгінгі сиқы осы. Ой-шұқыры көп. Облыс орталығынан Индербор кентіне дейінгі 190 шақырым жолды жүргізушілер бұрын 2 сағатта еңсеретін. Қазір 3-4 сағат жүреді. Екі ортаға қатынап, жолдың азабын тартқандардың бірі – Өрлік ауылының тұрғыны Самат Нағимов. Әр сапарында көлігінің дөңгелегі жарылып, шығынға батады. .

Самат Нағимов, Өрлік ауылының тұрғыны:

-Атыраудан келе жатырмыз. Атырау – Өрлік арасы. Атыраудан 137 шақырым жерде. Дөңгелек жарылып жолдың зардабынан, дөңгелек ауыстырудамыз. Жолдың жайын өздеріңіз көрген боларсыздар. Атыраудан 60 шақырымнан бері қарай басталады. Айына екі рет қалаға барып келеміз. Халықтың сұранысы бойынша заттарын әкеліп береміз осы көлікпен.

20 жыл бұрын салынған күре жолдың жайы соңғы 5 жылда тіпті нашарлаған. Бұл мәселені аудандық мәслихат депутаттары да көтеріп жүр. «Бірақ әзірге нәтиже жоқ»,– дейді Нұрлан Дәулетқалиев.

Нұрлан Дәулетқалиев, Индер аудандық мәслихатының депутаты:

-Шұңқырларды жыл сайын жамайды. Жамағанда бір қыстан кейін қайтадан көктемде ұшып кетеді бәрі. Оның бәрін келесі жылы қайта жамайды. Қалаға жетуге қиын. Жеңіл машиналарға жүруге, үлкен машиналар да қиындық көреді, қыста әсіресе.

Республикалық жолға жауапты «Қазавтожол» ұлттық компаниясы жөндеу жұмыстарының биыл қазан айында басталатынын айтады. «Жоба екі кезеңмен жүзеге асады. Осылайша «Атырау–Орал» тас жолының өңірге қарасты 190 шақырымы 2026 жылы толық жөнделеді»,– дейді жауаптылар.

Айбек Оңғаров, «ҚазАвтожол» ҰК» АҚ облыстық филиалының бөлім басшысы:

-Қазіргі аталған жобаға 23 млрд теңге көлемінде есептелді. Бұл жобада жолдың негізі және екіқабатты асфальтті бетон жабындысы төселеді. Қазіргі таңда 95-189 шақырым аралығы жөндеу жұмысы жүреді осы жылы. Ал келесі жылы 5 пен 95 шақырым аралығы келесі жылға жоспарлануда.

Өңірдегі автомобиль жолының ұзындығы 6500 шақырымға жуықтайды. Биыл 78 жобаны жүзеге асыру үшін облыстық және республикалық бюджеттен 59 млрд теңге қарастырылды. Қазір сапалы жолдар көрсеткіші 78% болса, жүзеге асқан жобалардың арқасында 82-ге жеткізу жоспарланған.

Асланбек Шығыр, Айбек Байзаков, Жандос Рахметуллин