Қарағандының Шахтёр ықшам ауданындағы көпқабатты үйлер 35 жылдан соң орталық жылу жүйесіне қосылды. Бұған дейін тұрғындар үйлерін көмірмен және электр қуатымен жылытып келді. Бұл қолайсыз, қымбат әрі қауіпті болатын. Енді тұрақты жылу бар, көмір сатып алмайды.
Любовь Ботова бұл үйде 35 жылдан бері тұрады. Алғашында пәтер пешпен жылытылды, кейінгі 20 жыл электр қуатын пайдаланып келді. Ай сайын тоққа кемі 30 мың теңге төлепті. Электр желісі шамадан тыс жүктемеге шыдамай, жиі ақау шығып, жылусыз отырған кездер де болған. «Орталық жылу жүйесіне қосылғалы бұл қиындықтар артта қалды» ,-дейді зейнеткер.
Любовь Ботова, қала тұрғыны:-Өте қиын болды. Отын таусылған кезде от жағу үшін орындықтарды сындыратынбыз. Көбі пәтер ішіне пеш салып алды, жағдайы келгендер үйін тоқпен жылытты. Ал қазір орталық жылу жүйесі қосылғалы жағдай жақсарды. Жылу тұрақты беріліп тұр.
Бұрын Шахтёр ықшам ауданының халқы пеш жағып, отынды жоғарғы қабатқа таситын. Қазір мұндағы көпқабатты 59 үй, яғни 1000 астам пәтер түгел орталық жылу жүйесіне қосылған. Әр үйдің жертөлесіне жылу қалыпты берілуін бақылайтын автоматтандырылған жабдық орнатылған. Орталық желіге қосылу үшін тұрғындар 15 жылға пайызсыз несие рәсімдеді. Пәтерге шаққанда айына орта есеппен 7-8 мың теңге төлейді.
Ғамзат Ысқақов, Ә. Бөкейхан ауданы ТҮКШ бөлімінің бас маманы:-Қазіргі таңда бұл аталған үйлер орталықтандырылған жылу жүйесіне қосылып, жылумен қамтамасыз етілген. Балалар үйі мен мектеп бұл енді келесі жылға қалдырылды. Оған қаржы облыстық бюджет тарапынан бөлініп, келесі жылы қосылатын болады.
Алайда өңірде орталық жылу жүйесіне қосылмаған көпқабатты үйлер өте көп. Мысалы, Қарағандыдан 15 шақырым жердегі мына Фин елді мекенінде тұрғындар пәтерін көмірмен немесе электр қуатымен жылытып отыр. Көптеген отбасылар жылдар бойы пеш жағудың машақатын тартып келеді. Жергілікті билік алдағы бірнеше жылда мұнда газ тартуды жоспарлап отыр.
Әйгерім Тілеубердинова, қала тұрғыны:-Бізде жылу жүйесі электр қазандық, көршілерімізде пеш. Көмір тасып, күл шығарады. Ыңғайсыз енді, көбісі жұмыс істейді. Суық болады, кешке жақын бірақ жағады пешті. Бізде электр қазандығы, ыңғайлы бірақ айына ақшасын көп төлейміз.
Қарағанды қаласының Қазыбек би атындағы ауданының өзінде 1747 көпқабатты тұрғын үй бар. Соның 1683-і орталық жылыту жүйесіне қосылған. Қалғанының мәселесі кезең-кезеңімен шешіледі. Сондай-ақ алдағы жылдары темір-бетон зауытының маңы мен Новоузенка елді мекендегі үйлерге газ тарту жоспарланып отыр.
Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Аман Хамит