Астанада Kaztraffic-2025 халықаралық көрмесі өтіп жатыр

  • 8
  • 19.11.2025, 19:31

Астанада осымен 21-ші рет «Kaztraffic-2025» халықаралық көрмесі өтіп жатыр. Іс-шараға Қытай, Ресей, Түркия және Франция секілді 10-нан астам елден 300-ден аса компания қатысуда. Әлемге әйгілі жол-құрылыс техникасы, материалдар мен инновациялық жабдықтардың бәрін Kaztraffic көрмесінен байқауға болады. Алаңда отандық және шетелдік жетекші компания өкілдері саланы дамытуға бағытталған өз шешімдерін ұсынып жатыр. Мәселен, астаналық коммуналдық мекеме бейнебақылау камераларына жасанды интеллектіні енгізіп, оны 100-ге жуық арнайы техникаға орнатқан. Ол жанармай шығынын, маршруттарды және көлік жүргізушілерінің жұмысқа қабілетін талдауға мүмкіндік береді. Халықаралық көрме аясында мамандар бірқатар маңызды келісімге қол қойып, алдағы уақытта тәжірибе алмасуды жоспарлап отыр.

Тимур Ахметов, «Астана тазалық» ЖШС техниканы пайдалану бөлімінің басшысы:

-Қаланың тазалығына тәулік бойы жұмыс атқарамыз 2 ауысымда. Жасанды интеллектіні біз ең бірінші арнайы техникаға орнаттық. Ішінде видеотерминал. Ол жүргізушінің, машинистің ұйықтап кету салдарын болдырмау және жолдан маршруттан ауытқып кетпеуді болдырмауды бақылап, жасанды дауыспен көмектесіп отырады, оятады. 

Мақсат Қалиақпаров, ҚР Көлік вице-министрі:

-Республикалық маңызы бар жолдардың жағдайы 93% артты. Көрсеткішті 100% жеткізу бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Бүгінгі көрмеге қатысып жатқан шетелдік мамандар да саладағы әлеуетімізді оң бағалады. Қазір Қазақстан аумағы арқылы 13 халықаралық көлік дәлізі өтеді. Оның бесеуі теміржол, ал сегізі автомобиль дәлізі. Жуырда «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» жолына 6 жолақ енгізетін ауқымды жобаны жүзеге асыруды көздеп отырмыз.