БҚО жолдарында қараусыз малды анықтау дрондар арқылы қолға алынды

  • 11
  • 19.11.2025, 19:44

Батыс Қазақстан облысында жол бойында жайылып жүрген мал енді дрондардың көмегімен анықталмақ. Қауіпсіздікті қамтамасыз ететін тың тәсіл әзірге халықаралық Самара-Шымкент трассасы мен Орал-Атырау тас жолында қолданылуда. Оған себеп автокөліктердің жануарларға соқтығысу фактілерінің көбейген. Тек жыл басынан бері осындай 97 оқиға тіркеліп, 27 адам жарақат алған.

Әсем Отарбаева Теректі ауданына қарасты Барбастау ауылында тұрады. Әр күн сайын іргелес жатқан Жаңаөмір ауылындағы балабақшаға бөбектерін тасиды. Осыдан екі апта бұрын таң қараңғысында жол апатына ұшырады. Самара-Шымкент жолымен бара жатқанда сиырларға соғылыпты. 

Әсем Отарбаева, Барбастау ауылының тұрғыны

-Сиырлар жолға оқыстан шығып қалды. Көлігім бүлінді. Темірді қойшы, қалпына келер. Бастысы балаларым аман. Соған шүкіршілік етемін. Оқиға орнына полицияны шақырдым. Ветеринарлық дәрігерлер келді. Малдың иесін тапты. Қазір көлікті жөндетіп жатыр.  

Батыс Қазақстан облысы еліміздегі малды аймақтардың бірі. Сондықтан да шығар жол бойында жайылып жүрген төрт түлік жиі жолығады. Бағымсыз жайылған малды анықтауда соңғы аптада дрондар қолданыла бастады. Ұшу аппараттарының көмегімен тәртіп сақшылары жолға беттеп келе жатқан жануарларды уақытылы байқайды. Арнайы орындарға апарып қамап, иелеріне айыппұл салады. 

Константин Недопёкин, БҚО полиция департаменті патрульдік полиция батальоны командирінің орынбасары: 

- Облыста ҚР ветеринария саласындағы заңнамасын бұзудың 394 фактісі, сондай-ақ ауыл шаруашылық жануарларын жаю қағидаларын бұзудың 3608 фактісі анықталды. Профилактикалық шаралардың тиімділігін арттыру үшін ұшақсыз ұшу аппараттарын, дрондарды белсенді қолдануда. 

Өңірде далада жайылған малды уақытша қамайтын 125 арнайы орын бар. Жыл басынан бері осы малтұрақтарға 7 мың бас қамалыпты. Қараусыз малдың кесірінен күре жолдарда 97 көлік оқиғасы тіркеліп, 27 жолаушы жарақат алған. 

Ринат Шайхымов, Ақжайық аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары:  

-Ақжайық ауданы бойынша барлығы 11 мал тұрағы бар Тайпақпен бірге қосқанда. Жол бойындағы орналасқан малтұрақтарға бағымсыз жүрген малдар жиі қамалады. Учаскелік полиция инспекторлары мен ветдәрігерлер солар келіп, малдың ен таңбасымен, құлағындағы сырғаларымен анықтап иелерін табады. Сырғасы базада тіркеуде ғой. Айыппұл салып иелеріне, сосын малды иелеріне қайтарады. Алып кетеді. Бізде бір тәуліктен артық оны ұстай алмаймыз. Өйткені оның асы бар, суы бар дегендей.

Әдетте көліктердің малға соқтығысуы көбіне қараңғы мезгілде болып, негізінен мал иелері айыпты деп танылады. Бірақ жауапкершілікті тек бір тарапқа сырып тастауға болмайды дейді мамандар. Себебі қысы-жазы, күні-түні жайылатын жылқы малын қораға қамап ұстау мүмкін емес. Кешкісін жол бойынан қайырып әріге айдап тастағанның өзінде аяқты мал желдеп не шыбындап, жол бойына қайтып келуі әбден ықтимал. Сондықтан жүргізушілер жылдамдықты белгілі шектен асырмағаны абзал. 

Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов