Оның айтуынша, шаһарда инвесторлар тарту және тұрақты жұмыс орындарын құру мақсатында жаңа 2 өндірістік аймақтың құрылысы жүргізіліп, 3 аймақ кеңейтіліп жатыр. Ол жерлерде жалпы құны 900 млрд теңгені құрайтын 300 инвестициялық жоба іске асырылады. Соңғы 3 жылда қала экономикасына 2 трлн теңгеден астам инвестиция тартылған, оның 75 пайызы жеке сектордың үлесі. Орташа жылдық өсім 11 пайызды құрады. Сондай-ақ қалада үш ауысымды мектеп мәселесі толық шешілген. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 17 300 орындық 12 жаңа мектеп салынып, толығымен пайдалануға берілді.
Ғабит Сыздықбеков, Шымкент қаласының әкімі:
- Қазіргі таңда ашылған өндіріс орындары мен жұмыс істеп тұрған мекемелерге жыл басынан бері 34 мыңға жуық адам тұрақты жұмысқа орналасты. Экономиканың өсіміне сәйкес, жергілікті бюджет есебінен еңбекақысы төмен азаматтық қызметшілердің жалақысын арттыруға 11 млрд теңге бағыттадық. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде өңірдегі орташа жалақы 10 пайызға өсіп, 334 мың теңгені құрады.