Астана төрінде шығармашыл еріктілердің өз қолынан шыққан құрақ көрпе мәнеріндегі экошырша бой көтерді. Шаһарымыздың арт нысанына айналған туынды қала тұрғындарының көзайымына айналып, жылы ықыласына бөленіп отыр. Халықтың сұрауы бойынша қайта жанданған бұл жоба жаңаша әрі мазмұны күшейтілген форматта оралды. Өнерді, экологиялық сананы дәріптейтін бастама дәстүрлі қолөнердің заманауи креативті индустрияның бір бөлігіне айналуының айқын көрінісі дейді мамандар. Биыл ерекше шырша мен оны безендіріп тұрған ойыншықтарды тоқу үшін 50-ден астам ерікті, яғни төрт буын өкілі жұмылдырылған. Екі күннің ішінде 100-ден астам тоқыма ойыншықтар жасап шығарылды. Жоба авторының ауынша бұл шара Қазақстандағы Жұмысшы мамандықтар жылы аясында жүзеге асырылып, қол еңбегінің, ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан қолөнер дағдылары мен кәсіптердің маңыздылығын айқындай түсті.
Рахима Мұқышева, қоғамдық қор басшысы:
-Бұл авторлық жоба 5-6 жыл бұрын басталған. Енді бүгінгі таңда қоғамның сұрауы бойынша, адамдардың сұрауы бойынша қайтадан оны осы жерге әкеліп құрып жатырмыз. Биыл жұмысшылар жылы болғаннан кейін қолөнер де жұмысшыларға жатады деуге болады. Бұл ойыншықтарды тоқуға 6-жастан 73 жасқа дейінгі әжелер қатысты.