Аида Балаева Қарағанды өңірінің әлеуметтік дамуына қатысты тапсырмалар берді

  • 7
  • 14.01.2026, 21:54

Қарағанды қаласында Премьер-министрдің орынбасары - Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның төрағалығымен өңірдің әлеуметтік саласын дамыту мәселелері қаралды. Талқылауға әлеуметтік салаға қатысты министрліктердің өкілдері, сондай-ақ облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев қатысты.

Облыстың денсаулық сақтау саласында тиісті ведомствоның мәліметінше, негізгі назар медициналық көмектің сапасын басқаруға және алғашқы көмектің рөлін күшейтуге бағытталған. Жүйенің тұрақтылығы тек қаржыландыру мен инфрақұрылым арқылы ғана емес, сонымен қатар профилактика, ауруларды ерте анықтау және халықпен ашық әрі түсінікті коммуникация арқылы қалыптасады. Мұндай кешенді тәсіл жүйеге түсетін жүктемені азайтып, адамдардың медициналық ұйымдарға деген сенімін арттыруға мүмкіндік береді.

Премьер-министрдің орынбасары Аида Балаеваның айтуынша, денсаулық сақтау біртұтас жүйе ретінде жұмыс істеуі керек. Алғашқы көмек, профилактика, ауруларды ерте анықтау және қызмет сапасы сынды әрбір буын бірін-бірі толықтырып отыруы тиіс. Осындай тәсіл тиімділікті арттырып, ресурстарды ұтымды пайдалануға жағдай жасайды. Бұл ретте жергілікті жердегі басшылардың жауапкершілігі мен сапаны тұрақты бақылау маңызды.

Кеңесте әлеуметтік саясат мәселелері қаралды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқарбек Ертаев атаулы қолдау моделіне көшу және өңірлік төлемдерді біріздендіру мәселесіне тоқталды. Ол өзгерістер халыққа жан-жақты түсіндірумен және жергілікті жерлерде жүйелі жүзеге асырылуы тиіс.

Білім беру саласы бойынша мектепке дейінгі тәрбиенің қолжетімділігі, кадрлық қамтамасыз ету және ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдау мәселелері талқыланды. Оқу-ағарту министрлігінің деректеріне сәйкес, өңірде 2-6 жас аралығындағы балаларды мектепке дейінгі ұйыммен қамту деңгейі 90,9% шамасында. Алайда 25 мың балаға қосымша орын қажет. Аида Балаева білім беру – бұл тек мектептер мен балабақшалардың қолжетімділігі ғана емес, сонымен қатар оқыту сапасы, кадрлық қамтамасыз ету және балалармен жұмыс істеудің заманауи тәсілдері екенін атап өтті.

Өңірде кадр даярлау және ғылымды дамыту мәселелері де назардан тыс қалмады. Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек еңбек нарығының қажеттіліктерін болжауға мүмкіндік беретін ұлттық сауалнама туралы кеңінен тоқталды. Мұндай құралдар кадрлық саясатты дәлірек жоспарлауға және технологиялық өзгерістерді ескере отырып, жоғары оқу орындары мен колледждердегі дайындық бейіндерін реттеуге мүмкіндік береді. Яғни білім беру мен еңбек нарығының деректер мен болжамға негізделген үйлесімді жұмысын қамтамасыз етеді.

Жиында туризм мен бұқаралық спортты дамыту мәселелері талқыланды. 2025 жылдың 9 айында туристік нысандарды 370 мың адам тамашалап, көрсетілген қызметтер көлемі 8 млрд теңгені құрады. Одан әрі дамыту үшін инфрақұрылымды үйлестіру, туристік аймақтарды маусымға дайындау және қауіпсіздік шараларын күшейту қажеттігі атап өтілді.

Қорытындылай келе, Аида Балаева өңірдегі әлеуметтік саланың жұмысын жақсартуға бағытталған бірқатар тапсырмалар берді. Міндеттелген басым бағыттардың қатарынд денсаулық сақтауда профилактиканы күшейту, әлеуметтік қолдаудың бірізділігін жолға қою, білім беруде цифрлық шешімдерді ұқыпты енгізу, экономиканың қажеттіліктерін ескере отырып мамандар даярлау, сондай-ақ халықтың өмір сапасын арттыру үшін мәдениет пен бұқаралық спортты дамыту бар.

Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Аман Хамит