Маңғыстау облысында теңіздегі тор қоршамада албырт шабақтары өсіріліп жатыр. Шабақтар өткен жылдың қараша-желтоқсан айлары Каспийге жіберілген болатын. Бүгінде балықтардың биомассасы 50 пайызға өсіп, орташа салмағы 300-350 граммға дейін жеткені байқалады. Тор қоршамалар Құрық портының 20 шақырым жердегі ашық теңіз акваториясында орналасқан. Мұндағы балықтың жалпы салмағы 20 тонна. Мамандар теңіздің тұзды суы мен табиғи температуралық режимнің албырт балықтың тез жетілуіне оң әсер еткенін айтып отыр. Айта кетсек, бұл теңіз фермерлігі бойынша Қазақстан мен Орталық Азиядағы алғашқы бастама. «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағында жүзеге асқан жоба аясында 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.
Ержан Сүйеров, Каспийде теңіз аквашаруашылығын дамыту жобасын үйлестіруші:
-Биыл алғашқы 300 тонна тауарлы өнім алу жоспарланса, 2028 жылға қарай өндіріс көлемін жылына 5 мың тоннаға дейін арттыру көзделіп отыр. Табиғи өнім бірінші кезекте өңделген және қатырылған күйде отандық нарыққа жіберіледі. Жоба толық қуатымен жұмыс істеген кезде экспортқа да шығарылады.