Онда азаматтардың әлеуметтік құқықтарын қорғау мен әл-ауқатын арттыруға ерекше мән берілген.
Жаңа Конституция жобасында еңбек мәселесіне айрықша мән берілген. Еңбек ету еркіндігімен қатар азаматтың нақты еңбек ету құқығы құжатта айқын көрсетілген. Бұл мемлекет жұмыс орындарын құруға, олардың қауіпсіздігі мен сапасына жауапты дегенді білдіреді. Жалақы күн көрудің ғана емес, лайықты өмір сүрудің кепілі болуы тиіс. Сарапшылар мұны: «Әлеуметтік әділеттілікті күшейтетін маңызды қадам», - дейді.
Сатыбалды Даулеталин, ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы:
- Лайықты еңбек деген сөз. Ең біріншіден, лайықты еңбекақы дегеніміз – қазіргі алатын жалақымыз тек қана өзімізді ғана қамтамасыз ету үшін ғана емес, жалпы отбасымыздың мүшелерін қамтамасыз етуге, лайықты өмір сүруге, абыройын алға бастыратын тірлік деп ойлаймын.
Білім беру саласы да өзгеріссіз қалмайды. Ата заң жобасында білімнің зайырлы сипаты нақты айқындалған. Бұл мектеп пен университет қабырғасында діни немесе өзге де идеологиялық ықпалға жол берілмейді деген сөз. Білім ордасы бейтарап орта болуы шарт.
Мәди Мырзағараев, республикалық адвокаттар алқасының төрағасы:
- Мектептерде, білім ошақтарында, тәрбие ошақтарында зайырлы болу керек. Ол жерде әртүрлі діни ағымдар, конвенциялар кіріп, өздерінің уағыздарын жүргізбеу керек. Олардың көзқарастары ол жерде қалыптаспау керек.
Неке туралы бап та нақтылана түсті. Жаңа Конституция жобасында неке заңға сәйкес тіркелген, ер мен әйелдің ерікті әрі тең құқылы одағы деп айқын жазылған. Бұл қыз алып қашу секілді даулы әрекеттердің жолын кесіп, отбасы институтын құқықтық тұрғыда нығайтуға бағытталған қадам.
Аяулым Сағынбаева, демограф:
- Ол бірінші кезекте әйелдердің, балалардың құқықтарының қорғалуының бірден-бір айқын белгісінің бірі. Өйткені қазіргі таңда отбасы институына қатысты өзгерістерді айтып жатамыз. Діни некелердің көбейіп кетуі, тағы-тағы сияқтысын. Соның барлығына нүкте қоятын кезең осы Конституцияның отбасына қатысты айтылған жаңа баптың пайда болуы.
Тұрғын үй мәселесі де айрықша назарда. Әр азаматтың тұрғын үйге қол сұғылмау құқығы заңмен қорғалады. Оған заңсыз кіруге, тінту жасауға немесе сот шешімінсіз шығаруға жол берілмейді. Осы және өзге де өзгерістердің бәрін біріктіретін бір идея бар. Ол – мемлекет пен заң, ең алдымен, адамға қызмет етуі керек.
Дана Әлиева