Алматыда «Әділетті және Прогрессивті Қазақстанның Халықтық Конституциясы үшін!» коалициясының мүшелері зиялы қауым өкілдерімен мазмұнды кездесу өткізді. Басқосуда Үкімет басшысының орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева қоғам талқысына ұсынылған Жаңа Конституция жобасының ең басты құндылығы – азаматтардың игілігі, елдің тұрақты дамуына негізделуі екенін атап өтті.
Кездесуге қатысқан зиялылар жаңа Конституция жобасында ғылым, мәдениет және инновацияға негізделген даму бағытының бекітілуі ерекше маңызды екенін жеткізді. «Өйткені ұлттың шынайы күші оның адами капиталында, зияткерлік әлеуетінде», - деді жиналғандар.
Мереке Құлкенов, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы:
- 95-ші жылғы Конституция еліміздің Тәуелсіздігін нығайтып, мемлекеттің негізін қалауда тарихи рөл атқарғаны сөзсіз. Ал жаңа Конституция жобасы сол құқықтық мұраны заман талабына сай жаңғыртып, оны одан әрі дамыта түседі. Ең басты артықшылығы – адам құқықтары мен бостандықтарының басымдығын күшейтіп, әділетті мемелекет қағидатын нақты тетіктер арқылы бекітуінде.
Аманжол Әлтаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
- Жаңа Конституцияның ең негізгі құндылығы – ол мемлекетіміздің еркіндігі мен тәуелсіздігін қорғау. Сіздер жақсы білесіздер, сан ғасырлар бойы біздің мемлекеттің келешегі, халықтың болашақ бақыты ол елдің еркіндігі мен тәуелсіздігіне тікелей байланысты. Бұл Тәуелсіздікті көздің қарашығындай қорғау – ең басты мақсат мұратымыз екендігін Қызылордада өткен Құрылтайда Мемлекет басшысы қадап тұрып айтты.