Алматыда Еуразиялық тау курорттары альянсының III фестивалі басталды

  • 185
  • 24.02.2026, 21:55

Былтыр Алматы қаласына 2 миллионға жуық турист келген. Соның 30%-і – шетелдік. Әрине, олар Алматының тауын көруге асық. Саяхатшылардың санын тағы қайтсек арттыруға болады? Осы мақсатта Алматы тау кластерін кешенді дамыту жоспары әзірленді. Қазір осы бағытта жұмыс жасалып жатыр.

Бұл туралы Алматы облысында өткен III Еуразиялық тау курорттары альянсы фестивалінде сөз болды. Әлемде таулы аймақта орналасқан демалыс орындары жеткілікті. Мәселен, Ташкент, Баку, Бішкек пен Тбилисиді атап өтуге болады. Бірақ ондағы әсемдікті көру үшін кәдімгідей жол жүріп барасыз. Алматы тауларының артықшылығы қаланың дәл іргесінде тұр. Жүзеге асырылып жатқан Алматы тау кластері жобасы туристердің саяхатын қызықты әрі есте қалатындай етуді көздейді. Атап айтқанда, инфрақұрылым жақсарады. Туристік бағыттар жаңарады. Қызмет көрсету сапасы артады.

Ринат Әбірахманов, Shymbulak курортының бас директоры:

- Тау кластерін дамытудың маңызы зор. Жоба туристер санын біркелкі реттеуге, табиғи экожүйеге түсетін салмақты азайтуға және тау бағыттарындағы қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік беретін заманауи, басқарылатын инфрақұрылым құруды мақсат етеді. Біз бағыттарды сатқан кезде оларды Шымбұлақ, Табаған немесе Ой-Қарағай деп жеке дара айтпаймыз. Біз оның бәрін қосып, Алматы тауларына жолдама сатамыз. Сондықтан бізге біртұтас болып бірге дамығаны маңызды.