Алматыда «Алматы – Шанхай» бизнес форумы өтті

  • 10
  • 07.04.2026, 21:43

Алматыға шетелдік инвесторлардың қызығушылығы жоғары. Әсіресе, шанхайлық кәсіпкерлердің ауқымды жоспары бар. Осыған орай тараптар форумда бас қосты. Оған Қытай делегациясы, мемлекеттік органдар мен бизнес қауымдастық өкілдері, сарапшылар қатысты. Екі жақ алып мегаполистер арасындағы сауда-экономикалық әріптестік пен инвестициялық байланысты нығайту жолдарын бірге талқылады. Алматыда 20 жобаны іске қосу жоспарланып отыр. Оның жалпы құны 2,7 миллиард долларға жуық.

Алматы – Қытай капиталы салынатын басты орталықтардың бірі. Мегаполисте оның қатысуымен ашылған 6 мыңға жуық компания жұмыс істейді. Ондағы тауар айналымы 9,5 миллиард доллардан асты. Қала әкімі Дархан Сатыбалдының айтуынша, Алматы Қазақстан бойынша жалпы ішкі өнімнің 1/5 бөлігін қалыптастырады.

Дархан Сатыбалды, қала әкімі:

-Алматы мен Шанхай арасындағы бауырлас қалалар байланысы дамуының жаңа кезеңіне жол ашып отыр. ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Қытай Халық Республикасының Си Цзиньпин көреген және әрі дана саясатының арқасында мемлекетаралық қатынастар алтын ғасыр кезеңіне қадам басты.

Шанхайдың құрылыс компаниялары, сәулет бюролары мен инженерлік ұйымдары қаладағы ірі жобаларды жүзеге асыруға атсалысады. Форум қорытындысы бойынша тараптар бірқатар келісімге қол қойды.

Юэ Цян, Beijing Fuxing Yihua Technology вице-президенті /ҚХР/:

- Біз Алматыда тау-кен өнеркәсібі саласында ғылыми-зерттеу институтын құрып жатырмыз. Бағытымыз  минералдық шикізатты талдау және металлургиялық процестерді жобалау. Бұл нарықтың әлеуеті жоғары. Әкімдікке барынша қолдау жасағаны үшін алғыс айтамыз.

Қайрат Бекенов, «Almaty Invest» даму орталығы» ЖШС басқарма төрағасы:

-Шанхай қаласының ерекшелігін ескерсек, қаржы институттары, инвестициялық қорлар мен банктер бойынша өте қызықты жобалар қаралды. Сонымен қатар медицина кластері, электроника және жасанды интеллект саласындағы инновациялық жобалар бар.

Жақында Almaty AI Park, дата орталық және ірі тау-туризмі кластерін іске қосу жоспарланып отыр.

Қарлығаш Қайыпбекова, Эдуард Кон