Биыл қоғам қайраткері, Абайдың ақындық мектебі мен шәкәрімтану ғылымдарының негізін қалаған Қайым Мұхамедхановтың туғанына 110 жыл. Осыған орай Алматыда халықаралық конференция өтті. Ғалым 1951 жылы дәл осы күні «Абайдың әдеби мектебі» атты диссертациясын қорғаған. Сол еңбегі үшін қудалауға ұшырайды. Десе де, Мұхтар Әуезов пен Қайым Мұхамедханов ұстаз бен шәкірт ұғымының жарқын үлгісін көрсетті. Қуғын-сүргін жылдары жұмыла жүріп, қазақ халқының жойылып кете жаздаған ұлттық мұрасын сақтап қалды. Атап айтсақ XVIII-XX ғасырлардағы канондық мәтіндерден бастап, эпос пен фольклорды кейінгі ұрпаққа аманаттады. Сонымен қатар Абай мектебі мен мәтінтану сияқты ғылымның жаңа бағытын ашты. Абайдың тұңғыш мұражайын құрып, «Абай-Алаш» тұжырымдамасын жасады.
Сайын Борбасов, Ш. Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының бас ғылыми қызметкері:
-Мұхтар Әуезовтің шәкірті болып өмірбақи Әуезовке және абайтануға, шәкәрімтануға қызмет жасады. 25 жылға сотталғанның өзінде Әуезовты сатпайды. Әуезов туралы бір сөз жаман айтпайды. Жалпы Қайымның өмірі қызметі ол тек қана қазақтың зиялы қауымына емес бүкіл қазақтың халқына жастарына үлгі өнеге.