«Қазақстанда алғашқы атом электр станциясының салынуы өңірдің экономикалық дамуына оң ықпал етіп, инфрақұрылымды толық жаңартуға септігін тигізеді», – дейді сарапшылар. Жоба сәтті жүзеге асса, электр энергиясымен қамтамасыз ету көрсеткіші барынша жақсарып, бюджеттік түсімдер көбейеді. Мыңдаған жаңа жұмыс орны ашылып, жергілікті халықтың әл-ауқаты жақсарады. Бұл тұрғыда Алматы облысындағы Үлкен ауылының тұрғындары не ойлайды?
Ардақ Айбарұлы, тілші:
- Еліміздің алғашқы атом электр станциясы салынатын Үлкен ауылында қазір екі мыңдай адам тұрады. Болашақта бұл жер 90 мың халық тұратын қалаға айналады деген болжам бар. Сәйкесінше көптеген тұрғын үйлер мен әлеуметтік нысандар салынып, АЭС құрылысына қажетті кәсіпорындар ашыла бастайды.
Үлкенде былтыр ауылішілік жолдар жөнделіп, жаңа дәрігерлік амбулатория салынды. Медицина мекемесі жуық арада халық игілігіне беріледі.
Қайрат Тұяқбаев, дәрігерлік амбулатория меңгерушісі:
- Жаңа амбулаторияның ішінде көбісі жабдықталған, жаңа оборудованиелер бар, медкабинеттері кең, сосын жаңағы физиокабинеттер ашылады. 1,5 мың халыққа көмек көрсетіп жатырмыз енді. Экстренный жағдайларда ауданнан жедел жәрдем шақырамыз, сол жақтан келіп алып кетеді. Мына жерде халық 10 мыңға дейін өссе, стационар да соғылады.
Дәрігерлермен қоса әкімдік қызметкерлері бұған дейін ескі пәтерде қызмет көрсетіп келген. Ауылдық округ әкімдігінің аппараты жақында күрделі жөндеуден өткен кеңсеге көшті. Аулаларды абаттандыруға бюджеттік өтінім берілген.
Надира Тілеубаева, ауылдық округ әкімдігінің бас маманы:
- Оның ішіне автотұрақ, балалар алаңы, воркаут зонасы кіреді. Соған сметасы берілді. Сондай-ақ ауыл арасындағы жарықтандыру, кішігірім жөндеу жұмыстары, асфальт төсеу және камера орнату да оның құрамына кіреді.
Сондай-ақ биыл «Алматы - Қарағанды - Астана» тасжолынан Үлкен ауылына дейінгі жол күрделі жөндеуден өтеді. «АЭС құрылысы сәтті жүзеге асса, ауылымыз көркейіп, жергілікті халықтың тұрмыс-тіршілігі жақсарады деген сенімдеміз», – дейді тұрғындар.
Сауалнама:
- Үлкеніміз жақсарады деп ойлаймын, халық келеді. Мына тұрғындарға жұмыс болады деп ойлаймын. Білмеймін енді, өзім жақсы пікірдемін. Босап жатқан үйлеріміз қайтадан жөнделсе, балаларға ойын-сауықтар болса, болашағы зор деп ойлаймын.
- Тұрғын ретінде, Қазақстанның азаматы ретінде мен қолдаймын. Бірінші кезекте ауылдың жағдайы жақсарады. Бұл АЭС-тің маңызы зор деп ойлаймын.
- Балаларға арналған алаңдарды жаңарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр қазір. Сосын ауылдан трассаға дейінгі жол толық жөнделген жоқ, сол жөнделеді деген жоспар бар. Сол жоспардардың барлығы орындалып, Үлкеніміз үлкен қалаға айналады деген үміттеміз.
Ал «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС жобасының басшысы болашақта мұнда инфрақұрылым толық жаңаратынын айтты.
Мейірбек Ихсанов, «Қазақстандық атом электр станциялары» ЖШС жоба жетекшісі:
- Үлкендегі атом электр станциясының құрылысына 10 мыңға жуық адам жұмылдырылады. Соның үш мыңы техникалық мамандық иелері болады. Стратегиялық нысан пайдалануға берілгеннен кейін 2 мың адам тұрақты жұмыспен қамтылады. АЭС құрылысы 10 жылға созылады.
«Атом электр станциясы 80 жылға дейін халыққа қызмет көрсетеді. Оның құрылысына қажетті өндірістік цехтар мен кәсіпорындардың және әлеуметтік нысандардың салынуы арқылы Үлкенде шағын және орта кәсіпкерлік қанат жаяды», – дейді сарапшылар.
Ардақ Айбарұлы, Аманжол Жөңкешов