Биыл 22 жекеменшік мектеп лицензиясынан айырылды

  • 7
  • 29.06.2026, 19:55

Жалпы елде саны бар, сапасы жоқ сондай білім ошақтары қаптады. Соңғы 5 жылда 856-ға жетті. 325 мың оқушы, 32 мыңнан аса педагогпен қамтылған. Бірақ партаға отырғызып, тек пайдаға кенелуді көздегендері көп. Мәселен, әр үшінші жекеменшік мектеп бастауыш сыныптарға басымдық берген. Сөйтіп оқушы орындарына тапшылық жоқ 7 облысқа мемлекет құр босқа 2 млрд теңгедей шығындады. Дегенмен құзырлы органдар есесін қайтармақ. 

Жомарт Карамбаев, ҚР Оқу-ағарту министрлігі орта білім комитеті төрағасының орынбасары:

- Енді мектеп ашуға лицензиялар аймақтық қажеттілік расталған жағдайда ғана беріледі. Мысалы, 3 ауысымдық мектептерді, апатты ғимараттағы мектептерді жою немесе мемлекеттік мектептердің жетіспеу салдарынан туындаған жағдайға қарап, осындай лицензиялар қарастырылып, беріледі.

Тағы бір қитұрқылықты айтайық. Оқушы санын көбейтіп көрсеткендер 261 миллион теңге алған. 41 мектепте 1 мың 200-ден астам шәкірт «қосып жазылған». Енді Үкімет жаңадан ашылатын жекеменшік мектептерге мемлекеттік тапсырыс беру бойынша мораторий енгізді. Білім беру қызметіне сай келмейтін ғимаратта отырғандар да құрқол қалады. Осындай қатаң шарадан соң 163 білім ошағының 130-сы түзеліпті.

Былтыр «OrtaBilim» сервисі іске қосылды. Бұл тетік жекеменшік мектептерді Қаржы министрлігінің «e-Qazyna» платформасына көшіріп, толық цифрлануына ықпал етеді.