25 тамыздан бастап елімізде бірқатар азамат көлік жүргізу құқығынан айырылуы мүмкін.
Енді жаңа тәртіпке сәйкес, 65 жастан асқан және мүгедектігі бар жүргізушілер мерзімді медициналық тексеруден өтіп, оның нәтижесі жол қатынасының цифрлық жүйесіне енгізілуі тиіс. Егер денсаулығында кінәрат болса, көлік басқару құқынан айрылуы мүмкін. Сондай-ақ мас күйде көлік жүргізуге қатысты қылмыстық ісі айыптау үкімінсіз тоқтатылған азаматтар жүргізуші куәлігін сақтап қала алмайды. Бұл жағдайда соттың қосымша шешімі талап етілмейді. Тиісінше мас күйде көлік тізгіндегендер тек 8 жылдан кейін жүргізуші құқығын қайтара алады. Ол үшін медициналық тексеруден өтіп, жол қозғалысы ережелері бойынша теориялық емтихан тапсыруы шарт.