«Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңі аяқталды

  • 8
  • 07.08.2026, 19:55

Елімізде биылғы жылғы «Мерейлі отбасы» байқауының облыстық кезеңі аяқталды. Енді әр өңірден жеңімпаз атанған отбасылар Астанаға шақыртылып, қыркүйек айында марапатталады. Отбасы құндылықтарын дәріптеуге бағытталған ұлттық жоба 2014 жылдан бері өткізіліп келеді. Осы жылдар ішінде конкурсқа Қазақстанның барлық өңірінен 20 мыңнан астам отбасы қатысқан. Бұл байқауды өткізудегі мақсат не? Биылғы жылғы жеңімпаздардың ерекшелігі неде? 

Жасұлан мен Жазира – 8 бала тәрбиелеп отырған өнегелі отбасы. Оларды жай тәрбиелеп қана қоймай, бойларына ұлттық құндылықты сіңіріп, ұлттық спортқа баулып отыр. Отағасы денешынықтыру пәнінің мұғалімі, асық атудан жаттықтырушы. 2023 жылы елімізге Франция Президенті Эмануэль Макрон ресми сапармен келгенде этноауыл көрмесі ұйымдастырылған еді. Сол көрмеде еліміздің Президенті Франция басшысына асық атуды үйреткені баршамызға мәлім. Сол шарада Жасұлан Шыңғысұлы шәкірттерімен бірге асық ойынын көрсеткен.

Жасұлан Әділбаев, «Мерейлі отбасы – 2024» жеңімпазы:

- Үлкен ұлым қазақ күресімен айналысады. Өзім де спорт саласында жүргендіктен балалар да спортқа жақын боп келеді екен. Қыздарым тоғызқұмалақпен айналысты. Біздің немен айналысып жүргеніміз ешкімге қызық емес, осындай конкурс арқылы үлгі көрсете аламыз. Керек адам қажетін алады.

Жазира Сәтімбекова, Ж. Әділбаевтың жары:

- «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметтте» демекші, біз отбасымызда тек қазақша сөйлейміз. Ұлттық құндылықтарды сақтаймыз. Дастархан басында: «Үлкеннің жолын кеспе, үлкенге көмектес», - деп айтып отырамыз.

 «Мерейлі отбасы» – осындай өнегелі жанұяны дәріптеп, түрлі салада еңбек ететін азаматтарды елге таныстыратын ұлттық жоба. Биылғы жылғы конкурсқа 3 611 өтінім түскен. Қатысушылардың 60 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. 20 жеңімпазға диплом, ерекшелік статуэткасы және 1 млн теңге көлемінде қаржылай сыйлық беріледі. Жеңімпаздар қыркүйек айында Астана қаласында марапатталады.

Таңшолпан Ерманова, ҚР МАМ Отбасы саясатын үйлестіру басқармасының басшысы:

- Осы жылдар ішінде конкурсқа 20 мыңнан астам отбасы қатысты. Байқау екі кезеңнен тұрады: аудандық (қалалық) және облыстық. Әр өңірден жеңімпаз атанған бір отбасы республикалық кезеңге жолдама алады. Биыл конкурсқа 3611 өтінім түсті. Байқаудың негізгі мақсаты – отбасы институтын нығайту, жауапты ата-ана болу мәдениетін қалыптастыру және қоғамда үлгілі отбасыларды дәріптеу.

Құралай Жұмахан, тілші:

- Иә, мемлекеттің саяси және экономикалық еркіндігінің кепілі тәуелсіздік болса, сол тәуелсіздікті баянды ету үшін сіз бен біз өз ошағымыздағы оттың түзу болғанын қамтамасыз еткеніміз жөн. Сонда ғана ел мерейі асқақтап, мерейлі отбасылар саны артады. 

Құралай Жұмахан, Айдос Меделбеков, Мейрамбек Қайыргелі