Қазақстанда Курорттық кеңес құрылады

  • 4
  • 07.08.2026, 19:59

Бұл туралы Алматыда өткен «Шипажай-2026» халықаралық форумында айтылды. Кеңес құрамына дәрігерлер, ғалымдар мен мемлекеттік орган өкілдері кіреді. Олар елдегі шипажай-курорт ісін дамыту үшін бірігіп жұмыс істейді. Қазір елде бұл салада емдік және оңалту қызметін көрсететін 300-ден аса мекеме бар. Ол жерлерде жыл сайын 400 мыңнан астам адам ем қабылдайды.

Сарапшылардың пікірінше, Алматы шипажай ісін дамытуға өте қолайлы. Себебі шаһар таулы жерде орналасқан. Мұнда табиғи емдік сулар да жетерлік. Сондай-ақ көлік инфрақұрылымы жақсы дамыған. Жиында отандық және шетелдік мамандар дәстүрлі емдеу тәсілінде жаңа технологиялардың қалай қолданылып жатқанын айтты.

Сейфулла Мұсаев, шипажайдың бас дәрігері:

- Бүгінгі өтіп жатқан форумға көршілес елдерден және Қытай, Америка, Франция, Ресей, Сингапурдан қатысушылар келіп жатыр. Олар өз ойларымен бөліскісі келеді. Біздің олармен тәжірибе алмасуымыз маңызды. Оларда технологиялық, инновациялық өзгерістер енгізіліп жатыр. Біздер де олармен тәжірибе алмасып жатқан жағдайдамыз.