Елімізде әлеуметтік төлем жүйесі цифрланады

  • 3
  • 17.09.2026, 18:47

Келесі жылдан бастап елімізде әлеуметтік төлемдерді тағайындау тәртібі өзгереді. Енді жәрдемақы алушының ғана емес, сол отбасындағы барлық кәмелетке толған азаматтардың материалдық жағдайы ескеріледі. Ал мұқтаждық критерийлері цифрлық форматта анықталмақ.

Қазақстанда бүгінде 39 әлеуметтік төлем түрі бар. Оны 2 миллионға жуық адам алады. Бұл мақсатқа жыл сайын 6,8 триллион теңге қаражат бөлінеді. Енді әлеуметтік көмек көрсету кезінде отбасының жалпы әл-ауқатына басымдық беріледі. Яғни азаматтың жеке жағдайымен қатар оның отбасы мүшелерінің де материалдық мүмкіндігі есепке алынбақ.

Айнұр Әбдірахманова, ҚР ЕХӘҚМ департамент директоры:

- Көмек ең бірінші шын мәнінде, мұқтаж отбасыларға берілуі керек. Осы принциппен жүргізілетін болады. Енді оны айқындайтын бізде бүгінгі күні цифрлық жүйелер бар. Оның отбасының цифрлық картасы аясында жүргізілетін болады. Отбасының цифрлық картасы 2023 жылдан бері айқындап келеді. Дәрежесін анықтау үшін барлық құзырлы органдардың деректеріне сәйкес осы жүйеде шоғырланған.

Отбасының әлеуметтік жағдайы бес санат бойынша бағаланады. Олар қарапайым тілмен айтқанда, орташа, орташадан жоғары, қанағаттанарлық, әл-ауқаты жоғары және әлеуметтік осал топ.

Айнұр Әбдірахманова, ҚР ЕХӘҚМ департамент директоры:

- Соның әл-ауқаты жоғары, орташадан жоғары айқындалған отбасыларға әлеуметтік төлемдерді алу құқығы өзгереді. Ал одан төмен, қанағаттанарлық, экономикалық осал топтарына бүгінгі төленіп жатқан әлеуметтік жәрдемақылар одан әрі төлене беретін болады.

Жаңа тәсіл аясында енді отбасының барлық кәмелетке толған мүшелерінің табысы, мүлкі, жер учаскелері, бизнестің бар-жоғы және несиелік міндеттемелері есептеледі. Әлеуметтік төлем тағайындауда цифрлық жүйе автоматты түрде бәрін есепке алады. 

Ердәулет Ыбырайұлы, тілші: 

- Мамандар сондықтан деректердің дұрыстығын қазірден бастап тексеруге, қажет болған жағдайда жаңартуға кеңес береді. Сол кезде өртену немесе басқа да себеппен жарамсыз болып қалған мүлікті көрсету қажет. Әлеуметтік төлемнің тағайындалуы және көлеміне ол да әсер етеді. 

Ердәулет Ыбырайұлы, Тайыр Мерекенов