«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы аясында 7 жылда 2,5 миллиард теңге бөлінді. Бүгінге кәмелетке толған жастардың алды осы қордағы жинақтарын пайдалана бастады. 366 мыңға жуық азамат Ұлттық қор есебінен бөлінген қаржыны тұрғын үй жағдайын жақсартуға және білім алуға жұмсаған. Жас ұрпақтың қамы үшін мемлекет қабылдаған игі бағдарламаның іске асырылу барысы жайында келесі материалда.
«Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы 2024 жылы басталды. Содан бері Қазақстанның Ұлттық қорының инвестициялық табысының 50 пайызы жыл сайын 18 жасқа толмаған балалардың есепшоттарына аударылады. Мәселен, 2026 жылы әр балаға 130,71 АҚШ долларынан есептелді. Бүгінде 7 миллионға жуық баланың шотында 2,5 миллиард АҚШ долларына жуық қаражат бар. Ережеге сай, оны кәмелет жасқа толған соң ғана пайдалануға рұқсат етіледі. Жастар қазір сол қаражатты қолдана бастаған.
Дархан Биниязов, ҚР ҚМ департаменті директорының орынбасары:
- 2026 жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша кәмелетке толған балаларға бөлінген ақшаның 76 млн 100 мың АҚШ доллары қолданылған. Оның ішінде тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін 50 млн 400 мың АҚШ доллары. Ол 241 мың алушыға тиесілі.
Екінші бағыт - білім алу бойынша 124 мың жас өз шотындағы қаражатты пайдаланыпты. Жалпы алғанда, 25 млн АҚШ долларынан астам қаражат аударылған. Алушы нысаналы жинақтың бір бөлігін немесе толық көлемін пайдалана алады.
Исатай Оматай, ҚР ҰБ жетекші талдаушы-маманы:
- Бағдарлама іске қосылғаннан бергі үш жыл ішінде бір балаға жинақталған жалпы сома 371 АҚШ долларын құрады. Бұл ақпаратпен eGov Mobile мобильді қосымшасында және БЖЗҚ сайтында танысуға болады.
Ескеретін жайт: тұрғын үй жағдайын жақсарту кезінде алушы қаражатты тек Қазақстан аумағында пайдалана алады. Ал білім алу үшін мұндай шектеу жоқ. Қаражатты елімізде де, шетелде де оқу ақысын төлеуге қолдануға болады.
Ердәулет Ыбырайұлы, Мұхаметәлі Тілдебаев