Түркістан облысы, Ордабасы ауданының тұрғыны Мамед Багировтың ата-бабасы Ираннан. Алайда ол өзін қазақпын деп санайды. Өйткені бар ғұмыры Қазақстанмен байланысты. Кейіпкер еліміздің ашық әрі еркін қоғам ретіндегі артықшылығын жоғары бағалайды. Әсіресе Қазақстанның әлем елдерімен қарым-қатынаста бейбітшілік пен татулықты басты орынға қоятын ұстанымын құптайды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті қоғамға – шыншыл сөз» кітабында да этнос өкілдерінің ел бірлігін нығайтып, ортақ Отанымыздың өсіп-өркендеуіне қосып отырған үлесін атап өткен болатын.
75 жастағы Мамед Багиров Ордабасы ауданында дүниеге келген. Аталары Сталиннің саяси қуғын-сүргін жылдары Әзербайжанның оңтүстігінен Қазақстанға жер аударылып, Қараспан ауылынан пана тапқанын айтады. «Қиын-қыстау заманда өздері бір үзім нанға зар болып отырса да құшағын жайып, бауырына басқан қазақ халқының жақсылығын әкем өле-өлгенше аузынан тастаған жоқ. Бізге де қазақ еліне қызмет етуді үйретті», - дейді қария.
Мамед Багиров, Қараспан ауылының биі:
- Отбасымыздың Қазақстанда туып-өскеніне қуаныштымыз. Бала-шағалы болып, үбірлі-шүбірлі атандық. Немере-шөберелеріміз бар, Құдайға шүкір. Оқыдық, білім алдық. Ешкім құқығымызды шектеген емес. Қазір бәріміз бір атаның баласындай тату-тәтті өмір сүріп жатырмыз. Қазақтың салт-дәстүрін жатқа білеміз. Біздің отбасымыздың мүшелері де қазақы тәрбие алып өсті. Мысалы, қазір жасым 75-тен асты. Келіндерім алдымнан өтпей, сәлем салады. Қазақ болсын, ирандық болсын, бәрі де осы дәстүрді құрметтейді.
Мамед Багиров үнемі ізденіс үстінде жүреді. Ой-өрісін кеңейтіп, өзін дамытқанды жақсы көреді. Сол үшін аптасына бір рет аудандық кітапханаға соғады. Қазақтың классик жазушыларынан бөлек, адамзаттың ортақ құндылығына айналған әлем әдебиетінің жауһарларымен де жақсы таныс. Кітапқұмар қарияны кітапхана қызметкерлері де құрметтейді.
Индира Сабыр, Ордабасы аудандық кітапханасының кітапханашысы:
- Мамед ағамыз – кітапханамыздың тұрақты оқырманы. Қазір Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан «Кітап оқитын ұлт» бағдарламасы аясында да жаңа кітаптарды алғашқылардың бірі болып оқып жүр. Кітапханаға осылайша қолдау көрсетіп, ұйымдастырылатын іс-шараларға үнемі қатысады. Мамед ағамызды көкірегі ояу, көзі ашық, рухани құндылықтарды бағалай білетін жандардың бірі деп айтуға болады.
«Түрі басқа болғанымен, тілегі бір, жүзі басқа болғанымен, жүрегі бір». Мамед қария еліміздің қоғамдық өміріне де белсене араласады. Үнемі елді ауызбіршілік пен ынтымаққа шақырып, тәжірибесімен бөлісіп отырады.
Әділ Ысқақ, Ордабасы аудандық Ішкі саясат бөлімінің басшысы:
- Бұл кісілердің барлығы қазақ болып кеткен. Қазақпен қарым-қатынасы, біздің салт-дәстүрді ұстанады. Елдің тірлігіне бірдей атсалысады. Тағы бір қырын айтып өтейін, біздегі ең үлкен Бейсен Оңтаев мектебінде ата-аналар комитетінің төрағасы. Сонымен қатар ауылдың биі, елдің жанашыры. Осындай қарияларымыз бар да елді ұйыстырып, елдің ынтымағына, бірлігіне жұмыс ітсеп жатқан азаматтардың бірі де, бірегейі деп айтсақ болады.
Осы еңбегі үшін былтыр Мамед Багиров Ордабасы ауданының «Құрметті азаматы» атанды. Үнемі елді игі іске жұмылдырып жүретін қария Қазақстанның әрбір азаматы, тегіне қарамастан, Әділетті Қазақстанды құруға, «Заң мен тәртіптің» орнығуына бірдей жауапты екенін айтады. Қазақстанның барлық елдермен бейбіт, ынтымақтастыққа негізделген көпвекторлы сыртқы саясатын қолдайды.
- Шетелге демалуға барғанда да мұны анық сезінеміз. «Қай елденсіз?» деп сұраса, «Қазақстаннанмын» дегенде, бізді жылы қабылдайды. Қазақстанды жақсы біледі, құрметтейді. Сондай сәттерде «Мен де қазақпын» деп кеудемізді мақтаныш кернейді. Өйткені елімізді мақтаса, бізді мақтағаны деп білеміз. Бүгінде Қазақстанды әлем жақсы жағынан танып келеді. Көптеген елде Қазақстанның бейбіт әрі тыныш мемлекет екені туралы пікірлерді естіп жүрмін. Мұның бәрі еліміздің ұстанған саясатының арқасы деп ойлаймын. Мен бұған қуанамын, елімді мақтан тұтамын.
Қария қазақ елімен өзі ғана мақтанып қоймайды. Елдегі этнос өкілдерінің барлығына мемлекеттік тілді білу парыз екенін, қазақ халқының мәдени құндылықтарын құрметтеуі тиіс екенін айтып жүреді.
Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш