Конституциялық заңға сәйкес Халық Кеңесінің қызметі жергілікті деңгейдегі қоғамдық кеңестер арқылы қамтамасыз етіледі. Мемлекет басшысы өңірлермен қоғамдық кеңестер арқылы берік байланыс орнату міндетін қойды.
Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы Ерлан Қошановтың айтуынша, мұндай серіктестік бірден бірнеше салада белсенді жұмыс істеуге сеп. Кеңестің міндеті - өңірлерден келіп түсетін сан алуан ұсыныстар мен мәселелерді жалпыұлттық күн тәртібіне біріктіріп, нақты шешімдер әзірлеу. Осы мақсатта бейінді комитетке хатшылықпен бірлесіп, деректерді тұрақты түрде жинау тетігін жолға қою тапсырылды. Сонымен қатар шешімдер қабылданғанға дейін қоғамдық сараптама жүргізу мен ықтимал тәуекелдерді бағалауды көздейтін «нөлдік оқылым» тетігіне ерекше назар аударылды. Бұл тәсіл мемлекеттік бағдарламалар мен нормативтік актілерді әзірлеу кезінде маңызды.
Ерлан Қошанов, Қазақстан Халық Кеңесінің төрағасы:
- Мемлекет басшысы өңірлермен қоғамдық кеңестер арқылы берік байланыс орнату міндетін қойды. Бұл бізге жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Әр адамның пікірі ескеріліп, әр азамат елдік мәселелерді талқылауға өз үлесін қоса алады. Біздің басты міндетіміз – халықтың үніне дер кезінде құлақ асып, талап-тілегін тыңдай білу.