Ақылды «төрт аяқты» құлтемір тау-кен өндірісі орындарындағы қауіпті аймақтарда жәрдемдесумен қатар зерттеу бағытында да қолғабыс етеді. Алдымен робот ит шахтада сынақтан өтеді. Жасанды интеллект өндіріске де кеңінен енгізіле бастады. Елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерінің ішкі және трансшекаралық саудасын дамытуға бағытталған Agromarket цифрлық агро азық-түлік платформасы іске қосылды. Жоба өндірушілерді, сатып алушыларды, банктерді, логистикалық компанияларды, қоймаларды және талдау сервистерін біріктіретін трансшекаралық аграрлық сауданың цифрлық экожүйесін қалыптастыруға бағытталған.
Құралай Жұмахан, тілші:
- Енді ауыл шаруашылығын «Ақылды машиналар» басқарады. Бұл еңбек өнімділігін арттырып, шығындарды азайтады. Сондай-ақ геологиялық барлау қызметі де IT шешімдер арқылы іске аса бастады. Осылайша жұмыс жеңілдеп, алдағы уақытта қосымша 75 млн тонна қара алтын өндірілетін болады. Мұның бәрін еңсеру үшін ірі дата орталықтар алқабын құру қажет. Бүгінде Екібастұздағы ГРЭС-1-ден қуаттанатын алғашқы нысан құрылысы басталып кетті.
Жаслан Мәдиев, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі:
- Келесі жылы жалпы қуаты 186 МВт болатын деректер орталықтарын іске қосуды жоспарлап отырмыз. 2028 жылдың екінші тоқсанында тағы 109 МВт қуат іске қосылады. Firebird AI компаниясымен $10 млрд көлемінде келісімдерге қол қойылды. Жобаға 20-дан астам халықаралық технологиялық компания мен инвестор қызығушылық танытып отыр. Біздің міндетіміз – есептеу қуаттарының өңірдегі ең ірі хабын қалыптастыру.
- Енді елорданың тыныс-тіршілігі толық жасанды интеллект арқылы басқарылады. Астана қаласының инфрақұрылымына нейрожелі енгізуге 93 миллиард теңге жұмсалады. 2031 жылға қарай қолданыла бастайтын жүйе «Сергектің» орнын басып, қаладағы қозғалысты толық цифрлық тәсілдермен реттеп отырады. Жасанды интеллект қала қауіпсіздігін бақылап, қандай да бір қауіп туындаса, оны дереу анықтайды.
Жалпы 2029 жылға қарай халықтың 70%-ы ақылды қала жүйесі енгізілген өңірлерде тұрады. Яғни аймақтағы оқиғаларға нейрожелі жедел әрекет етіп, құзырлы органдарға бірден сигнал жіберіп отырады. Бұл қылмыс деңгейін кемінде 10%-ға төмендетуге мүмкіндік бермек. Одан бөлек, елордада кәсіпорындардың көбеюіне байланысты екінші индустриялық парк ашылады.
Аслан Қалғазин, ҚР Ұлттық экономика министрлігі «Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ басқарма төрағасы:
- Жеке компания индустриялық паркті толық дайын күйінде береді. Яғни олар нысанды су мен газға қосып, электр желілерін жүргізіп, жол салады. Оған қоса бейнебақылау камераларын орнатып, өзге де инженерлік желілерді тартады. Мемлекеттік және инвестор арасындағы келісім 2034 жылға дейін созылады.
- Мамандар: «Биыл алгоритмдер негізінде алға жылжитын кезең болады», - деп отыр. Мысалы, жүргізушісіз такси, робот курьер, даяшы, үкіметтегі автоматтандырылған қызметтер қалыпты жағдайға айналады. Сондай-ақ 2026 жылы технология әлемдегі цифрлы экономикаға миллиардтаған доллар тартатын индустрияға айналмақ.