Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы

Қасым-Жомарт Тоқаев құтқарушыларға мемлекеттік марапаттар тапсырды

  • 626
  • 19.10.2026, 13:36

Бүгін – Құтқарушылар күні. Осыған орай Ақордада арнайы жиын өтіп, Президент  13  құтқарушыға мемлекеттік марапат табыс етті.  Бүгінде азаматтық қорғау органдарында 27 мыңнан астам  адам қызмет  етеді.  Кейінгі бес жылда  олар  240 мыңға жуық азаматқа көмек көрсеткен. «Мемлекет азаматтық қорғаныс жүйесін одан әрі дамытуға ерекше көңіл бөліп, құтқарушыларға жан-жақты қолдау көрсетіле береді», – деді бүгін Президент. 

Ақордаға алғаш келіп,   бүгін  Президенттің қолынан  марапат  алғандардың  бірі  – Нұрсұлтан Жалғасов. Қызылорда қаласындағы №6 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы. Он жылдық жанқиярлық еңбектің өтеуі  –  «Ерлігі үшін» медалі. 

Нұрсұлтан Жалғасов, Қызылорда облыстық ТЖД № 6 өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндіруші-құтқарушысы:

-Ең бірінші адам өмірін құтқару ғой, өзіміздің қауіпсіздігінен бұрын ең бірінші халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етеміз. Халықты құтқару, өрт сөндіру, мемлекет мүліктеріне қауіп төнген жағдайда алдын алады. Қаншама адамның алғысын алып жүрміз. Осы жұмысқа келгеніме өкінбеймін, тек алғыс алып келеміз.

 

От пен судың ортасы, өмір мен өлімнің арасы. Бұл мамандық мықты рухты, жоғары жауапкершілікті талап етеді. «Еліміздің барша құтқарушылары – қауіпсіз Қазақстанның мызғымас тірегі», – деді бүгін Президент. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Құтқарушылар кез келген төтенше жағдайда бірінші болып көмекке ұмтылады. Олар өзгенің өмірін сақтау үшін, өз өмірін қатерге тігеді. Бұл – нағыз құтқарушыға тән батырлық. Мен Мемлекет басшысы ретінде сіздердің ерен еңбектеріңіз қоғамымыздың айрықша сый-құрметіне лайықты деп санаймын.

Бүгінде азаматтық қорғау органдарында 27 мыңнан астам адам қызмет етеді. Кейінгі бес жылда олар 75 мыңнан астам жедел шақыртуға шығып, 240 мыңға жуық азаматқа көмек көрсеткен. Мемлекет азаматтық қорғаныс жүйесін одан әрі дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Ендігі бір міндет салаға озық технологияны және жасанды интеллектіні енгізу қажет. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Құтқару қызметінің материалдық-техникалық әлеуетін нығайту да өзекті мәселе қатарында. Қазір бұл бағытта ауқымды шаруа атқарылып жатыр. Соңғы үш жылда 3 мыңдай техника, соның ішінде жаңа ұшақтар мен тікұшақтар, сан алуан қызмет көрсетуге арналған кемелер сатып алынды. 60-қа жуық өрт сөндіру депосы мен құтқару станциясы салынды. Төтенше жағдайлар министрлігінің осыдан екі жыл бұрын құрылған ахуалдық орталығы азаматтық қорғаныс жүйесін басқаруға арналған маңызды құрылымға айналды. Соның арқасында тұрақты бақылау, қауіп-қатерді алдын ала болжау, жедел шешім қабылдау жұмысы оң нәтиже бере бастады. 

Ауылдағы ағайынның да амандығы керек. Бұл мақсатта қолға алынған  «Ауыл құтқарушылары» жобасы аясында кейінгі екі жылда 300-ге жуық өрт сөндіру бекеті құрылып, 450-ге жуық өрт дер кезінде тоқтатылған. Тағы бір маңызды мәселе. Мемлекет тарапынан құтқарушыларға жан-жақты қолдау көрсетілуге тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Азаматтық қорғаныс саласы мамандарын заман талабына сай техникамен, қажетті қорғаныс құрал-жабдықтарымен қамтамасыз ету – аса маңызды міндет. Құтқарушылардың кәсіби даярлығын үнемі жетілдіріп отыру керек. Сонымен бірге олардың мейлінше қауіпсіз жағдайда еңбек етуін қамтамасыз ету қажет. Мұның бәрі де – өте өзекті міндеттер, Үкімет осы міндеттерге назар аударуы керек. 

Технологиялар дәуірі кәсіби мамандардың жаңа буынын талап етеді. Олар көзсіз батырлықпен қатар, технология тілін де түсінуі керек. Елімізде кәсіби мамандарды даярлайтын оқу орны бар. Ол Мәлік Ғабдуллин атындағы Азаматтық қорғаныс академиясы. Оқу орны жыл сайын даярлап шығаратын 100-ден астам  жас офицер мен құтқарушылар қазақстандықтардың қауіпсіздігі үшін қалтқысыз қызмет етіп келеді, дегенмен қауіпсіздік – әр адамның жеке жауапкершілігі. 

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

-Кейбіреулердің немқұрайдылығы мен салғырттығының салдары тым қымбатқа түседі. Қоғам қауіпсіздігі әр жанның ішкі тәртібіне байланысты қалыптасады. Сондықтан ежелден адам бойындағы жинақылық, тәртіптілік пен жауапкершілік секілді қасиеттер жоғары бағаланады. Тиянақты, ұқыпты, жауапкершілігі жоғары азаматтар – өркениетті және қауіпсіз қоғамның арқауы. Біз озық ойлы ұлт боламыз десек, өскелең ұрпаққа заңды құрметтеу, тәртіпке бағыну, табиғатты аялау құндылықтарын аманат етуіміз керек. Бұл қасиеттер қоғамдағы жаңа этиканың айнымас өлшемі болуға тиіс.

«Даңқ», «Айбын», «Құрмет» ордендері, «Ерлігі үшін», «Ерен еңбегі үшін» медальдері. Бүгін президент еліміздің әр түкпірінен келген 13  құтқарушыға мемлекеттік марапаттар табыстады. Солардың бірі – Дархан  Байдекенов, Алматы тауында шетелдік туристерді құтқарып қалды. 

Дархан Байдекенов, «ҚР ТЖМ «Барыс» республикалық құтқару қызметі» РММ бас құтқарушысы:

-Награда алғаннан кейін жақсы сезімде болып тұрмын. Алматы тауында Ресейден келген екі ересек адамды құтқардық. Өзімізде бір пилот,  служба спасениядан бір бала бар, азаматтарды дер құтқарғанымыз үшін ерлікке санап марапаттады.

Өзгенің өмірін сақтап, қауіп-қатерден арашалау – адамзат алдындағы ең ізгі істердің бірі. Мұндай ерлік ешқашан елеусіз қалмауы керек, қалмайды да. Мемлекет  мұндай  жандарға лайықты құрмет көрсетсе, қоғам да олардың еңбегін бағалап, ерлігін үлгі етуі тиіс. 

Авторлары: Сағыныш Әбікей, Айдос  Меделбеков, Айдос Ентебеков ПТРК көмегімен