Күзгі жиын-терім қамбаға құйылып, елдің астық қоры толыға түсті. Шаруалар «Азық-түлік келісімшарт корпорациясына» 135 мың тонна астық жеткізді. Бұл биылғы ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша келісілген астық көлемінің үштен бірін құрайды. Басым бөлігін солтүстік өңірлерден. Қостанай облысының шаруалары 75 мың тонна, Солтүстік Қазақстан облысының диқандары 43 мың тоннаға жуық өнім, ал Ақмола облысының өндірушілері 10 жарым мың тоннадан астам астық жеткізген. Оның 89 пайызы – үшінші сұрыпты бидай. Биыл ұлттық астық операторы ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуға 32 млрд теңгеге тарта қаражат бөлген. Мақсат – шаруаларға көктемгі егіс жұмыстарына қажетті қаражатты алдын ала беріп, күзгі өнімінің бір бөлігін өткізуге мүмкіндік жасау.