Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Қазақстан халқына Жолдауы

Қаскелең тұрғындары жарық пен жол мәселесіне шағымданып отыр

  • 3
  • 19.11.2026, 18:23

Алматы облысы Қаскелең қаласының тұрғындары бірнеше жылдан бері электр энергиясынан тарығып келеді. Жарық көзі бар болғанымен, жиі сөнеді. «Әсіресе жаңбыр жауып, жел соқса, жарықсыз қаламыз», – дейді. Ал жергілікті билік өкілдері: «Мәселе кезең-кезеңімен шешіледі», - деп уәде беріп отыр. Қаскелеңдіктер бұл ықшамауданды: «22-ші – 30-шы» квартал, - деп атайды. Үп еткен жел тұрса, жарық сөнеді. Бұл заманда барлық шаруа электр энергиясына байланғандықтан қиын. Базыналарын айтып талай рет әкімдікке барыпты. Қыста көше шамдарының қажеттілігі қатты сезіледі. Ата-аналар мектептен қайтатын баласының қауіпсіздігіне алаңдайды.

Самарқан Байжанов, Қаскелең қаласының тұрғыны:

– Жаңбыр жауған күндері жарық күніне 10 ретке дейін өшеді десек, артық айтқандық емес. Себебі бұл аумақтағы көшелердің әрқайсысына жеке трансформатор орнатылған. Мұндағы тұрғындардың басым бөлігі – жастар, барлығының дерлік балалары бар. Олар балаларын мектепке апарып, кешке алып қайтады. Алайда кешкі уақытта көшелер қараңғы болады. Оның үстіне, көшелерде қаңғыбас иттер көп. Сондықтан ата-аналар балаларын жалғыз жіберуге қорқады. Бір ересек адам күні бойы сол маңда күтіп, баланы мектептен алып келуге мәжбүр.

Әкімдік қызметкерлері мәселені мойындап отыр. Айтуларынша, тиісті құжаттар әзірленген. Келесі жылы бұл шағынаудан толық әкімдік қарамағындағы электр желісіне ауыстырылады. Ал оған дейін жекеменшік трансформаторды пайдалануға мәжбүр.

Асылхан Есбаев, Қаскелең қаласы әкімінің орынбасары:

– Келесі, яғни 2027 жылға Қаскелең қаласы әкімінің аппараты тарапынан аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөліміне жаңа трансформатор орнату жөнінде өтініш берілді. Жоспарға сәйкес, осы елді мекенге бір жаңа трансформатор орнатылатын болады.

22-ші – 30-шы квартал шағынауданында мың жарымға жуық тұрғын бар. Мұндағы халықты жарықтан бөлек, жол мәселесі де алаңдатып отыр. Себебі 2022 жылы басталған жол құрылысы аяқсыз қалған. Салдарынан елді мекеннің негізгі және қосалқы көшелеріне асфальт төселмеген. Жергілікті халық осы уақытқа дейін құзырлы органдарға бірнеше рет шағымданған, бірақ одан нәтиже болмаған.

Абылай Манабаев, Қарасай ауданы Көлік және жол бөлімінің бас маманы:

– Биыл ұзындығы 1,6 шақырым болатын Сарыжайлау көшесін Ташкент көшесіне дейін жалғайтын жолдың жобасы әзірленді. Жобаның жалпы құны – 150 млн теңге. 2027 жылы құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау жоспарланып отыр. Қалған көшелердегі жолдарды жөндеу жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Жалпы жоспарға сәйкес, алдағы үш жылда Қарасай ауданы бойынша 911 шақырым жолды толық асфальттау көзделген.

Жергілікті билік өкілдері бұл кемшіліктерді кезең-кезеңімен шешуге уәде етті. «Тұрғындар соның барлығы қағаз жүзінде қалып кетпесе игі», – дейді.

Авторлары: Бекзат Үшкемпір, Айдос Қалиев